Астанада 18 мыңға жуық тұрғын алимент төлеуге міндеттелген

Оның ішінде 4 мың адамның жылдар бойы жиналып қалған қарызы бар. Бүгінде олар балаларына 3,5 млрд теңге берешек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алимент төлеуден қашпайтын, тек тұрақты табысы жоқтарға не істемек керек?

Үйдегі шиеттей балаларына қарайтын адам болмаған соң, Айдана Әубәкірова әзір жұмысқа шыға алмай жатыр. 2016 жылы ажырасқан келіншек тұрмыс тауқыметін жалғыз өзі тартып келеді. Әу баста алимент төлеп жүрген бұрынғы күйеуі тұрақты жұмысы болмағандықтан, уақыт өте келе қарайласудан қалған.

Айдана Әубәкірова, қала тұрғыны:

- Мен сот орындаушысына бардым, айттым. Ол кісілерге неге төлемей жатыр? Мен оған да төле деп айттым. Ол жұмысқа кіреді, шығып кетеді, солай жүрді. Сот орындаушысы арқылы төлеп жүрді, одан кейін тағы төлеген жоқ.

1,5 жыл жұмыссыз жүрген Бекзат Серіковтың алимент бойынша 2,5 млн-дай берешегі жиналып қалды. Балаларына ақша жіберіп, қолдау үшін прокуратураның арнайы бағдарламасына жүгінген.

Бекзат Серіков, қала тұрғыны:

– Сол, маған прокуратурадан звондады. Кездестік. Жұмыс тауып берді. Бірге жұмыспен қамту орталығына бардық. Содан кейін осы жиһаз цехіне жұмысқа кірдік. Осында кіргеніме 1 апта болды. 10 күндей стажировкадан өттім. Енді осында жұмыс істеп, алиментімді төлеймін.

Қалалық прокуратура өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрақты табысы жоқ борышкерлерді жұмысқа тұрғызумен айналысады. Былтырдан бері борыштың жалпы мөлшері 3,5 млрд теңгеге дейін азайтылды. Былтыр алимент бойынша қарыз екі есе артық болған еді.

Нұрлан Дәлуұлы, Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры:

- 2022 жылы алимент төлемейтін жұмыскерлердің 120-дан астам адамды нақты есепке тұрғызсақ, оның ондағанының үстінде жұмысқа кіргізілді. 2023 жылы 1,5 ай ішінде осы алимент төлей алмай жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыру барысында 10 борышкерді жұмысқа тұрғыздық.  

Былтыр алимент төлеуден жалтарған 225 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Тағы 11-не қылмыстық жаза қолданылған. Жүздеген борышкердің көлігі айып тұрағына қойылды. Қалалық прокуратураның мәліметі бойынша биыл 10 адамға әкімшілік, 3 борышкерге қылмыстық жаза қолданылды. Мұндайда жазаның ең ауыры 2 жылға бас бостандығынан айыру екенін айта кету керек.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров.