Ақтөбеде интернационалист-жауынгерлер рухына тағзым етілді

Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 34 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтулы күнде ақтөбелік соғыс ардагерлері интернационалист-жауынгерлер құрметіне қойылған ескерткішке тағзым етті. Гүл шоқтарын қойып, ауған жеріндегі ұрыста қаза тапқан сарбаздарды еске алды. 10 жылға созылған ұрысқа елімізден 22 мың жауынгер аттанып, оның 17 мыңға жуығы елге оралды. Бүгінде олар әр салада еңбек етіп жүр. Тек Ақтөбе облысында 500-ден астам ардагер тұрады. Оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен жәрдемақы қарастырылған.

Марат Қойлыбаев, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің заңды тұлғалар бірлестігі» кеңесінің төрағасы:

- 2020 жылдан 2021 жыл, біздің Ауған соғысы ардагерлеріне 2 жыл қатарынан 20 пәтер берілді. Мамыр айларында тағы да 15-20 пәтер аламыз ба деп үміттеніп, соны күтіп отырмыз. Ал енді жәрдемақы жөніне қарайтын болсақ, біз министрлікке өзіміздің беріп жүрген ұсынысымыз бар. Біздің Ауған соғысы ардагерлеріне айлық берілетін 18 000 - 21 000 теңгенің орнына ең төменгі жалақы 60-70 мың теңгеге дейін көтерсе екен деп отырмыз.