Теміртаудың орталық ауруханасы ең заманауи құрал-жабдықпен толықты

Теміртау қаласының орталық ауруханасы ең заманауи құрал-жабдықтармен толықты.

Қымбат диагностикалық аппараттарды өңірдегі металлургиялық комбинат өкілдері өз қаржысына алған. Осының нәтижесінде аурухананың «күйік» бөлімінің мамандары енді науқастарға халықаралық деңгейде сапалы ем-дом жасай алады.

Теміртау сынды өндіріс ошақтары көп қала үшін аурухананың заманауи құралмен жабдықталуы аса маңызды. Осы мақсатта өткен жылы  «Арселор Миттал Теміртау» мен орталық аурухана арасында мемарандум жасалған. Соның нәтижесінде бүгін жаңа жедел жәрдем көлігі, көшпелі рентген аппараты, оттегі газификаторы және күйік шалғандарға арналған екі бірдей төсек орын алынды. Аталған төсек орындардың қатты күйік шалғандарды аман алып қалуға септігі зор.

Марат Гусейнов, травматолог-комбустиолог:

- Жай төсек болған кезде ондағы жаралар жазылмайды, асқынулар болады, ал мұнда жараны желдетіп, бір температураны ұстап тұрады, күйік жараларының тез жазылуына әрекет жасалынады. Бұрын осы үшін Қарағандыға бару керек болған. Енді өзімізде жасай беретін боламыз.

Аталған құрал-жабдықтарды алуға шамамен 200 млн теңге қаржы бағытталған. Комбинат басшылығы осындай жұмысты одан әрі жалғастыратынын айтады. Себебі халықты сапалы медициналық қызметпен қамтуды мақсат етіп қойған.

Владимир Яблонский, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Бас директоры:

- Бұл құрылғылар тек біздің комбинат жұмысшыларына емес, жалпы халыққа ортақ болады. Осындай мобильді, замануи құрылғылар сұранысқа ие болып, емдеу жұмыстарында тиімділігін көрсетеді деп ойлаймыз.

Жалпы комбинат өкілдері қала әлеуметтік жауапкершілікті қашанда назардан тыс қалдырғанемес. Мысалы, былтыр осы бағытқа жұмсалған қаржы көлемі  52 млрд теңгеден асқан.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар