Қызылорда облысында бала тәрбиесі мәселесі қолға алынбақ

Қызылорда облысы Қазалы ауданында оқу жылы басталғалы бері 2 бала жоғалып кеткен. Өгей әкесімен тұратын 2-сынып оқушысы үйден қашып көрші ауладан табылса, 14 жастағы қызды өз анасы жасырып, артынан іздеу салған. Жалпы, осындай қолайсыз отбасында өмір сүріп жатқан 6 бала уақытша бейімдеу орталығына жіберілді. Сонымен қатар үй бетін көрмейтін 6 жасөспірім арнайы есепке алынды. Аудан бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс 75%-ке өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құқық бұзушылықтың басым бөлігі – ұрлық пен топ болып төбелесу. Полиция қанша тырысқанымен, бұзақылық тыйылар емес. Қыз балалардың тәрбиесіне қатысты ерте жүктілік секілді мәселелер де бар. Осы себепті өңірде балалардың жүріс-тұрысын қатаң бақылап, тәрбие беру ісінде халықтық педагогиканы қолданудың кешенді жоспары даярланбақ.    

Ұлжан Ахметова, Қазалы ауданының тұрғыны:

- Қолымда 4 немерем бар. Бәрі мектеп қабырғасында. Солардың ізінде жүрмін осы тұрғанда. Әкесінің де, шешесінің де қолы тимейді, жұмыста. Үлкен немересм 9-сынып оқиды. Сағат 6-дан кейін оны көшеде жүргізбейміз. «Қайдасың? Қайт үйге» деймін де отырамын. Ал түнгі сағат 12-де көшеде жүретін балалардың ата-анасын мен түсінбеймін.   

Мейрамбек Шермағамбетов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Қоғам дерті болғандықтан, балалар арасындағы құқықбұзушылық, интернет құрбандарының болуы, буллинг, кибербуллинпен қоғам болып күресуіміз қажет. Соған сәйкес білім беру ұйымдары мен ата-аналардың арасында байланысты күшейту және де ұлттық тәрбиеге баса көңіл бөлу мәселесінде жұмысты күшейтуіміз қажет.