Ақмола облысында полиция қызметкерлерінің қатары толығады

Ақмола облысында соңғы бір жыл ішінде 200 жас полицей қызметке қабылданды. Олардың дені қаладан шалғай орналасқан аудан, ауылдарға жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл да тәртіп сақшыларының қатары 100-ден астам маманмен толығады. Облыстық слетте жас полицейлердің жұмысы пысықталып, оларға бірқатар міндет жүктелді.

Асхат Оразғалиевті қатарластары бейбіт күннің батырына теңейді. Себебі жас полицей өткен жылы өзіне қол жұмсамақ болған 2 қызды құтқарып қалған. Шара барысында оның осы ерлігі ерекше аталды.  Ал ішкі істер саласында қызмет ету – Асхаттың бала күнгі арманы.

Асхат Оразғалиев, патрульдік полиция батальонының инженері:

- Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне барлық жағдай қарастырылған. Айлықты көтерді. Баспана ақысы жеке төленеді. Тек ел игілігіне адал еңбек етсең болғаны. Біздің қызмет шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Сол себебі бастапқы кезде аздап қиындау. Бірақ уақыт өте үйренесің. Маған өз жұмысым ұнайды.

Жас полицейлерге қойылар талап жоғары. Яғни, қызмет барысында олардың біліктілігімен мен қырағылығы қатаң тексеріледі. Сонымен қатар қажетті қондырғылармен жабдықталған техникалар да беріледі. Бұл тәртіп сақшыларының жұмысын сәл де болсын жеңілдетеді, - дейді сала мамандары.

Думан Таев, облыстық Полиция департаментінің басшысы:

- Егер патрульдік полицияны алатын болсақ, оларда арнайы бейнетіркеуші қондырғылар бар. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін толығымен жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа ережеге сай көліктерді жөнсіз тоқтатуға тыйым салынған. Ал қызметке енді кіріскен жас мамандармен жүйелі жұмыс жүргіземіз. Олар үшін арнайы тәлімгерлер де бөлінген

Жыл сайын өңірде білікті кадрларға қажеттілік артып келеді. Қазіргі таңда 75 бала бастапқы даярлық курсынан өтіп жатыр. Олар жақын күндері тәртіп сақшыларының қатарына қосылады. Тағы 60 талапкерді Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына жіберу жоспарланған.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко.