Қызылордада роботтар күш сынасты

Бұл құлтемірлерді оқушылар өздері құрастырған. Оның ішінде әлдісі де, ақылдысы да жетіп артылады. Оқушылар жасаған құлтемірлер 3 кезең бойынша сынға түсті. Жеңіп шыққандары енді республикалық біріншіліктерге қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аралбек Жанысбеков 15 жаста. Ол күннен қуат алатын көпфункционалды роботкөлік құрастырған. Шынжыртабанды техниканы әскери мақсатта немесе төтенше жағдай кезінде пайдалануды ұсынамын, - дейді ол. Мұнан бөлек, роботтар көрмесіне өзі құрастырған атыс қаруының үлгісін де әкеліп, сынақтан өткізді.

Аралбек Жанысбеков, оқушы:

- Маған әскери техника, әскери қарулар ұнайды. Сондықтан бос уақытымда осы қаруды жасадым. Болашақта елімді жаулардан қорғай алатын осындай қарулар жасағым келеді. Бұл жоба мен үшін өте қиын болды. Себебі көптеген механизмдер болды.

7-сынып оқушысы Шайхыслам да роботының күшін сынап көрмек. Ол жасаған құлтемір бұған дейін ұлттық нақышта ұйымдастырылған арқан тартыс жарысында үздіктер қатарынан табылыпты. Бұл жолы да ерекше дайындықпен келген.

Шайхыслам Рүстем, оқушы:

- 4 датчик бар және 1 мотор бар. Бұл – көз датчигі. Ол қарсыластың роботын көріп, оны итеріп кетеді. Мен әдейі кішкентай баллондар қойдым. Ол баллондар күшті көбейтеді және роботты итеруге көмектеседі. Ал бұлар деген дөңгелектерге қосымша күш береді.

«Робо Батлл-2023» біріншілігінде 100 оқушы 50 командаға бөлініп, 3 кезең бойынша өзара сынға түсті. Олар жасаған құлтемірлер түрлі кедергілерден қиналмай өтіп, жолында кездескен кедергілерді шеңбердің сыртына итеріп шығаруы тиіс. 

Оралбек Абдуллаев, төреші:

- Мысалға, егер Робосуммо категориясын алатын болсақ, оның алдына қоятын итергішінде қағазды кесіп кетпейтіндей өткірлік болуға рұқсат. Яғни, біз алдын-ала жарыста сондай өткірлік болып жатса, қағазбен тесттен өткіземіз. Егер қағазды кеспесе, ол роботты жарысқа қатыстырамыз.

Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалы ұйымдастырған біріншілікке 12-17 жас аралығындағы өрендер қатысты. Әр санат бойынша топ жарған командаларға бағалы сыйлықтар берілді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.