Әскери борышын өтеген 300-ден астам адам ҰБТ-сыз оқуға түседі

Маңғыстау облысында Отан алдындағы борышын өтеген 300-ден аса сарбаз бен теңізші жоғары оқу орнына ұлттық бірыңғай тест тапсырмай-ақ түсе алады.

Бұл туралы Ақтау гарнизонында өткен кездесуде қорғаныс министрінің орынбасары мәлімдеді. Дархан Ахмедиевтің айтуынша, 40-тан аса университетпен екіжақты келісімге қол қойылған. Тізімде Ақтаудағы мемлекеттік университет те бар. «Биыл еліміз бойынша 3 мың грант бөлінді. Әскери даярлықтан өту кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, тәртібі өзгелерге үлгі болған әскери қызметшілерге бөлім қолбасшылығы ұсыным береді. Одан әрі комиссия қарап, шешім қабылдайды», - деді министрдің орынбасары. Пилоттық жобаны отандық IT-компаниялар да қолдап отыр. Оқуға дайындалуы үшін жауынгерлерге ноутбуктер мен планшеттер тарту еткен.

Мұқағали Балтабаев, матрос:

- Сауалнама барысында әскери қызметшілердің несиелерінің кешірілуі мен мерзімді әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарына ҰБТ-сыз тегін түсуі туралы сұрақтар қарастырылды. Біз мұндай пилоттық жобаның алғашқы сарбаздарымыз. Осындай жобаны пайдаланып, еліміздің болашағы жарқын болуына үлкен септігімізді тигіземіз деген сенімдемін. 

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Біз осы 3 мың сарбазды іріктеп алу үшін арнайы ақпараттық жүйе құрған болатынбыз. Бұл, процесстердің тазалығын әрі ашықтығын бақылау үшін жасалған. Ол жүйеге сарбаздар кіріп, өздерінің бағаларын көре алады. Одан бөлек, ол платформада электронды кітапхана бар. Оған кіріп, материалдармен танысады. ЖОО-ға өз мамандығы бойынша дайындалуына мүмкіншілік жасалып отыр.