Қазақстандық құтқарушылар Түркиядан елге оралды

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін түнде Нур қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылар мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлерінің екінші тобы елге оралды. Еліміздің құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Газиантеп, Хатай қалаларында және Нур қалаларында құтқару жұмыстарын жүргізді. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Ақмола және Қарағанды облыстарының мамандары мен медицина қызметкерлері енді. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 7 адам құтқарылды, қаза болған 88 адамның мүрдесі табылды. Сонымен қатар 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылардың дайындығы мен батылдығын жоғары бағалады.