Түркістан облысы Келес ауданында қарттарға қызмет көрсетіледі

Түркістан облысының Келес ауданындағы «Қазыналы қария – тең қоғам» орталығында мыңға жуық зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі азаматқа қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік орталықта келушілерге бос уақытын тиімді өткізу үшін қажеттінің барлығы қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Райса Зарипова қолы қалт етсе болды, бос уақытын осы орталықта өткізеді. Өзі құралпы зейнеткерлермен шүйіркелесіп, үстел теннисін ойнайды. Жасы 70-ке таяп қалса да, қимылы ширақ. Жаттығу жасап, денесін қыздырады. Тұз шахтасында отырып, тыныс алады. Өмір бойы мұғалім болғандықтан мұндағы әрбір іс-шараға белсенді қатысатынын айтады. Орталықтың қызметіне дән риза.

Райса Зарипова, зейнеткер:

- Осы орталық ашылғаннан бері қуанып келіп, көңіл күйімді көтеремін. Таңертең үйден шығарда бала-шағама «мен жұмысқа кеттім» деп есіктен шығып кетемін.

Ал Әбдіғаппар қария – осы орталықтың ең үлкені. Бірақ қартайдым деп үйде отыра бермейді. Бір мезгіл осында келіп сергиді. Шахмат ойнап, ми тынықтырады. Бильярд ойнап, бой жазады. Бір сөзбен айтқанда, денсаулығын күтеді.

Әбдіғаппар Төлегенов, зейнеткер:

- Қартайып, зейнетке шыққанан кейін адамдар үйде отырып қалады. Түрлі ауру-сырқау жабысады. Одан да осында келіп, көңіл көтеріп тұрса өте жақсы. Аптасына 5 рет келіп, осында ем-домын аламын.

Орталық өткен жылы ашылған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қызмет көрсетіледі. Қимыл-қозғалысқа пайдалы ойын түріндегі жаттығулар жасатады. Миды тынықтырып, тыныс жолдарын емдейтін тұзды шахтаға отырғызып, массаж жасайды. Жалпы, мұнда келушілерге 14 түрлі қызмет көрсетіледі. 27 маман еңбек етеді. Өткен жылы 400-ден аса зейнеткер мен 85 мүгедектігі бар азамат осы орталықтың қызметін пайдаланған. Мамандар биыл келушілердің саны екі есеге артқанын айтады. 

Айгерім Төлепбергенова, орталық директоры:

- Жалпы, бұл орталықтың мақсаты – қарттардың ұзақ өмір сүруге құлшынысын арттыру және мүгедегі бар азаматтарды қоғамға тарту, олардың мүмкіншілігін шектемеу. Қазіргі уақытта зейнеткерлердің көбі артрит, қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы дейміз, осында келіп емін алып, дертіне шипа тауып жатқан жағдайы бар. 

Жалпы, Келес ауданында 150 мың халық тұрады. Оның 10 мыңнан астамы зенеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Мамандардың айтуынша, орталыққа күніне 50-ге жуық адам келіп, әлеуметтік қызметтерді пайдаланады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.