Шымкентте шабуыл жасаған Өзбекстан азаматы болып шықты

Тапа тал түсте Шымкенттің қақ ортасындағы аңшы дүкеніне шабуыл жасалды.

Қаскөй қолындағы шолақ мылтықпен сатушыны қорқытып,  сөредегі «Сайга» маркалы мылтықты алып кеткен.  Күдікті көп ұзамай қолға түсті. Ол Өзбекстан азаматы болып шықты.

Иляев және Рысқұлбеков атындағы көшелердің қиылысында тұрған  аңшы дүкеніне баса-көктеп кірген күдікті сатушыға қару кезеніп, қорқытқан. Қазір дүкен жабық тұр.  Терезесінің әйнектері  сынған.  Күдікті қос қарумен көшеге шыққанымен Күзет агенттігінің жігіттері тырп еткізбей ұстады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері де  жеткен.  Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ, 

Фараби Сыздықбеков, куәгер:

- Аңшы дүкеніне шабуыл жасаған көршілес Өзбекстан азаматы болып шықты.  Қалада пәтер жалдап тұрып жатыр екен.  Қазір ол қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.  

Арман Бейсенбаев, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:

Қарулы шабуыл кезінде екі күзетші жараланды. Бірінің бронды жилетіне оқ тисе, екіншісі қолынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, дәрігерлер оған жедел операция жасаған. Бірақ әлі есін жимаған. Жансақтау бөлімінде жатыр.