Петропавлда бюджет қаржысы тиімсіз игерілген

Петропавлда жол жөндеуге деп бөлінген 5 млрд теңге тиімсіз игерілген. Соңғы 3 жылда қала көшелеріне қиыршық тас төсеуге осынша қаржы жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, әкімдік қызметкерлері бұл жұмыстың бағасын шектен тыс асырып жіберген. Бір қызығы, атқарылған шаруаның сапасын қадағалау мүмкін емес. Өйткені қиыршық тас көктемде еріген қармен бірге жердің астына кіріп кетеді. Енді шенеуніктерге жолдарды асфальттауға ғана кеңес берілді. Биыл қала бойынша 17 көшеге 4 млрд теңге бөлініп отыр.   

Сергей Перов, ҚР СЖҚІҚА СҚО бойынша департаментінің басшысы:

- Қала көшелеріне тас төсеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттарынсыз жүргізілген. Тексеріс қорытындысы бойынша, әкімдікке барлық жолды асфальттау туралы ұсыныс жіберілді. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алады.