Қарағандылық құтқарушылар Түркиядан елге оралды

Түркиядағы зілзаладан қираған үйлерді аршумен айналысқан қарағандылық құтқарушылардың бір легі елге оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өз тәжірибелеріндегі ең ауыр іссапар болғанын айтады. Отандастарымыз 12 күн бойы Нұрдагы қаласында болған. Барған бойда 3 адамды үйінді астынан құтқарған. 93 сағат бойы нәр татпаған жандардың ең алғаш сұрағаны су болды, - дейді мамандар. Сондай-ақ қарағандылық құтқарушылар 2 бірдей иісшіл иттің көмегімен 11 адамның мәйітін тапқан және зардап шеккен 90 адамға алғашқы медициналық жәрдем беріпті.

Айдын Жұмабеков, Апаттар медицинасы орталығының фельдшері:

- Медициналық көмек көрсету жағынан дайынбыз. Психологиялық болсын, медициналық болсын. Ондай жағдайға үйреншікті жұмыс болғандықтан, Түркияға барғанда медициналық көмек көрсету және психологиялық көмек көрсету жағынан қиыншылық бізде болған жоқ.  

Алмагүл Ардабекова, Апаттар медицинасы орталығының дәрігері:

- Робот емеспіз, әрине, қиын болды. Осы кісілердің осындай қиын жағдайын көруге. Олар бізге қарап үміттенеді, мыналар біздің туысты тірі табады дегендей. Мысалы, біз ағасын тапқан кезде, енді өлген кісіні тапқанда өте маған қарауға қиын болды. Кішкентай балалардың жылағаны.