Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына орай студенттермен кездесу өтті

Биыл Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың дүниеге келгеніне 800 жыл толады. 17 жыл билік құрған ұлы тұлғаның өмірі жайлы бүгін Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен өткен кездесуде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов жастарға дәріс оқып, Каирге жасаған сапарымен бөлісті. Сондай-ақ студенттерге Сұлтан Бейбарыстың өмірі, Мысырда билік құрған кездері жайлы деректі фильм көрсетілді.

Айта кету керек, құлдан сұлтан дәрежесіне дейін көтерілген ұлы тұлға өз заманында әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы биыл Қазақстан мен Мысыр елінде аталып өтіледі деп жоспарланған. Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтқан еді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- 17 жылда күллі араб елін, күллі исламды крестоносшылардан, моңғолдың әскерінен қорғады. Сондықтан да ол кісіні осы уақытқа дейін арабтар жоғары дәрежеге қояды. Қазақта біздің бабаларымыз көп. Атақты бабаларымыз көп. Оның қаншасы шетелде жатыр. Біз көбісін білмейміз, өкінішке қарай. Жаңа айтып кеттім, бізге рухани байлық жетіңкіремейді.