Отандық көлік нарығы 5%-ке өсті

Отандық кәсіпорындар айына 5 мыңнан астам көлік шығарады. 2022 жылы елде құрастырылған темір тұлпар саны 100 мыңнан асты. Оның ішінде барлық көлік түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде сатылған көліктердің жартысынан көбі – жол талғамайтын кроссоверлер. B, C санатындағы жеңіл көліктерге де сұраныс жоғары. Жалпы, 2022 жыл Қазақстан көлік нарығы үшін жақсы аяқталды. Өсім 5% асады. Көлік өндірушілер мен ресми дилерлерді қоса алғанда елде 127 мың теміртұлпар шығарылды.

Анар Макашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті:

- Логистикалық тізбектің қайта құрылуы отандық көлік нарығына соққы болды. Қазақстан аумағына көлік бөлшектері мен жаңа темір тұлпарларды тасымалдауда қиындықтар туғызды. Бұл – әлемдік проблема. Дегенмен нарықтағы өсім салада даму барын көрсетеді. Мысалы, 2022 жылы біздің кәсіпорындарда бұрын өндірілмеген жаңа көлік модельдері пайда болды.

Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындардағы өндірісті дамытуға ден қойылды. Автоөндірушілер Алматы, Қостанай және Көкшетаудағы зауыттарды жаңа компоненттермен қамтамасыз етіп, дайын өнім көлемін арттыруды көздейді.

Айтпақшы, дайын өнім бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Бұл – шикізат құны, тасымал түрі және жеткізуші компанияның ауысуы сынды мәселелер.

Анар Макашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті:

- 2022 жылдың желтоқсан айында Қарағанды облысының Саран қаласында  шиналар өндірісі басталды. 2024 жылдан тағы 4 кәсіпорын іске қосылады. Олар орындықтар, пластик және резеңке бөлшектерді жасайды.  

Қазір салада кәсіби білікті кадрлар тапшы. Сондықтан бүгінде Қазақстанның автобизнес қауымдастығы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, инженерлік кадрларды оқыту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ернар Демесинов.