Атырау облысының Индер ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді

Атырау облысының Индер ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.

Былтырдың өзінде жалпы құны 419 млн теңгені құрайтын 61 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында 3 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылды.

Айдана Төлеуғалиева 2018 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 9 млн теңге несие алып, сұлулық салонын ашқан еді. Пандемия басталған уақытта жұмысы тұралап, қарыз өтеу қиынға соғыпты. Тығырықтан шығудың амалын іздеген жас кәсіпкер сұлулық салонын тігін шеберханасына айналдырған. Қазір жергілікті 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2021 жылы кәсібін өркендету үшін 2 жарым млн теңге мемлекеттік грант алыпты.

Айдана Төлеуғалиева, кәсіпкер:

- Тігін саласына қажетті лазерімізді алдық. Вышивальная машина алдық. Оған дейін ақылы түрде ойларымызды ойдырып, жазуларымызды жазғызып жүретінбіз. Қазір енді бәрі өзіміздің қолымызда. Алдағы жоспар деген үлкен. Қазақи ұлтық киімдер, сәукеле, жалпы қазақ менталитетіне жақын нәрселерді, тігінге жақын нәрселерді дамыту, дәріптеу.

Индер ауданында 2018 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Көбіне кәсіппен айналысуға жастар қызығушылық танытады екен. Былтыр 61 жоба мақұлданып, 419 млн 600 мың теңге мемлекеттік грант берілген.

Айдана Ғұмарова, Индер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы:

- Мемлекеттік бағдарламаларды көбіне жастар жақсы жүзеге асырып жатыр. Әйелдер қауымына тігін шеберханалары, аспаздық болса, ер адамдар көлік жуу, көлік жөндеу орталықтарын ашып, соған несие алып жатыр.

20 ақпанда мемлекеттік грантқа өтінім беру басталған еді. Өңірде екі күн ішінде 271 өтініш келіп түскен. Ал былтыр облыс бойынша 521 адам қайтарымсыз несие алған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин