Кәсіпкерлерді заңсыз тексерушілерге «QR-код» тосқауыл болады

Кәсіпкерлерді заңсыз тексерушілерге «QR-код» тосқауыл болады. Бұл туралы бүгін Алматы қалаласының прокурорлары мен кәсіпкерлер палатасының кездесуінде айтылды.

Мобильді жұмыс тобы іскер азаматтардың құқығын қорғауға арналған «QR код» жобасын таныстырды. Цифрлық технологияның арқасында өтініш беру анағұрлым жылдам іске асады. Әрі тиісті органдарға бір мезетте түседі. Нақтырақ айтсақ, заңсыз тексеруге тап болған кез-келген кәсіпкер QR-ды сканерлеу арқылы арнайы сайтта шағым қалдырып, фото, видео дәлелдер жүктей алады. Прокуратура мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері жарты сағаттың ішінде кері байланыс орнатуы тиіс. Егер шағым расталса мәселемен Мобильді топ айналысады. Айта кетейік, қалалық кәсіпкерлер палатасына 2022 жылы бизнес өкілдерінен 500-ден аса өтініш түскен. Прокуратураның көмегімен 70-тен аса заңсыз тексеріс тоқтатылды.

Әуез Тайымбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының төрағасы:

- Күнделікті, апта сайын, ай сайын қарап отырамыз, аналитиканы көріп отырамыз. Біздің қаладағы бизнестің жағдайы қалай болып жатыр, қандай құқық бұзушылықтар болып жатыр бизнеске деген және қандай әкімшілік кедергілер болып жатыр соның алдын алып, сондай жұмыстар жасаймыз.