Каспий жағалауындағы заңсыз берілген жер телімдері әшкереленді

Ақтауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері 21 дерек бойынша тексеру жүргізген. Нәтижесінде өңір туризмін дамыту мақсатында деп бөлінген жерлер кәсіпкерлерге негізсіз үлестірілген болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, шаһар әкімдігі бұған дейін игерілмеген жер теліміне қосымша 4,7 га жерді жалға берген. Енді ол аумақты мемлекетке қайтару туралы сотқа талап арыз жолданды. Сондай-ақ қала тұрғыны жағажайда қонақ үй тұрғызу мақсатында 1,5 гектар, кейін қосымша 1,4 гектар жерді жалға алады. Алайда басқа адамға сатып жіберген. Аймақта қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы негізінде жер қатынастары саласын бақылау шаралары жалғасып жатыр.  

Біржан Хайруллин, ҚР СЖҚІҚА департамент басшысының бірінші орынбасары:

- Біз жан-жақты саралап, талдаймыз. Неліктен мұндайға жол берілді? Немесе неліктен сол бизнес өкілі осыған дейін оны ала алмай жүрді? Ол жаңағы заңның кемшілігі ме, әлде азаматтың жауапкершілігі ме?! Содан кейін барып шешімдер қабылдап отырамыз.