Жетісу облысының бірнеше аймағында су тасу қаупі бар. LIVE

Биыл Жетісу облысының Алакөл, Ақсу және Кербұлақ аудандарына қар қалың түсті. Енді күн күрт жылынса, аталған аймақтарда су тасу қауіпі бар. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдік тасқынның алдын алу жұмыстарын күшейтті. Жалпы, қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жетісу облысында күн жылынып келеді. Кешелі бері ауа температурасы 7-10 градус шамасында болып тұр. Сондықтан аймақта қар тез еріп жатыр. Соның салдарынан Кербұлақ ауданындағы Байғазы ауылына су шайып кету қаупі төніп тұр. Өткен жылы дәл осы елді мекендегі 2 үйдің ауласына қар суы кірген болатын. Биыл сондай жағдай қайталанбас үшін арнайы техникамен ауыл сыртындағы арық тереңдетіліп, бөгет жасалып жатыр. Өткелдердегі мұз ойылып тазартыла бастады. Осылайша, мамандар тасқын судан келер қауіп-қатерді сейілтпек. Істің басы қасында облыстық ТЖД басқарма бастығы Ринат Тазабеков жүр. Өңірдегі жағдай туралы сол кісіден сұрап көрейік. Ринат Талғатұлы аймақта көктемгі су тасу кезеңі қалай өтіп жатыр.

Ринат Тазабеков, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Жалпы, жағдай тұрақты. Жетісу облысында 5 ауданда, 7 елді мекенге қауіп төніп тұр. Аталған аумақтар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қаражат бөлінсе, қауіп төмендетіледі.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Жалпы, өңірде өзендермен қатар 8 су қоймасы, 113 гидротехникалық құрылым бар. Сала қызметкерлерінің айтуынша, аталған нысандардың барлығы тәуліктік бақылауға алынған. Алайда босаңсуға болмайды. Себебі синоптиктер келесі айда күн райы жылдағы нормадан бір градусқа жылы әрі жауын шашын көп болатынын айтып отыр.