Ұлытау облысында жарық жиі сөніп қалады

Ұлытау облысында электр желілерінің 75 проценті тозған.

Соның салдарынан қолайсыз ауа райында жарық жиі сөніп қалады. Сондықтан, жергілікті билік биылдан бастап қосалқы станциялар мен электр желілерін біртіндеп жаңартуды қолға алды. Оның алғашқысы облыс орталығында жүзеге асты. Жезқазғанның батыс бөлігіне қызмет көрсетіп тұрған қосалқы станцияға жаңа трансформаторлар қойылды. 

Елдос Кәкенов, тілші:

- Күн райы сәл бұзылса қаланың батыс ауданында жарық жиі өшіп қалатын. Мамандар енді ол мәселеден толық арылатын боламыз дейді. Себебі бүгін жеткізілген трансформаторлар бұрынғыларына қарағанда екі есе күшті.

Жарықтың жиі сөнуіне күн райынан бөлек, ескірген трансформаторлар себеп болған. Өткен ғасырдың 80-інші жылдары пайдалануға берілген қондырғылар сағатына небары 16 мегеватт электр энергиясын өткізуге қауқарлы.

Серік Маханов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Жарықты жиі сөндіреді. Әр үйде электр жабдықтары бар. Жанып кетпесін деп жарық сөнгенде тоңазытқышқа дейін сөндіріп отырамыз.

Кезең-кезеңімен жүргізілетін жаңғырту жұмыстарына 3,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бірінші кезекте электр желілерінің әбден тозған бөліктері жаңартылады.

Игорь Баннов, "Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы" АҚ Бас инженері:

- Биыл 6 қосалқы станцияда трансформаторлар жаңартылатын болады. 400-ден астам жарық бағаны ауыстырылады. Сонымен қатар қызмет көрсету техникалары да ауыстырылады.

Жаңадан қойылған трансформаторлардың күші Жезқазған секілді тағы бір қалаға электр таратуға жетеді. Жаңғыртуды қаланың батыс ауданынан бастаудың тағы бір себебі бар. Бас жоспарға сай болашақта жаңа құрылыстар осы аумақта жүреді. Одан бөлек қаланың бұл бөлігінде облыстық аурухана мен бірнеше әлеуметтік маңызы бар ғимарат орын тепкен.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева