Республика бойынша 600-ден астам қар көшкінінің қауіпті аймағы бар

Қазір тауға серуендеп, шаңғы тепкісі келетіндер сақтанған жөн.

«Өйткені қар көшкіні жүру қаупі басым», - дейді мамандар. Әсіресе Іле-Алатауындағы «Богданович» мұздығына барып суретке түсетіндер көп. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тауға барып, демалушыларға ескерту айтып, жағдайды бақылап қайтты.

Шымбұлаққа шығып шаңғы тепкенге не жетсін?! Алайда ақпан аяқталып қалды енді абай болған абзал. Өйткені күн райы жылынып келеді. Өткен жылы наурыз айында 1 күнде 30-дан астам қар көшкіні тіркелген екен. «Қазір республика бойынша 600-ден астам қар көшкінінің қауіпті аймағы бар десек, соның 165-сі Алматы қаласының маңайында»,-дейді мамандар.

Бауыржан Әбішев, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы:  

- Алматы қаласы бойныша қазіргі таңда орта таулы аймақтарда және төменгі таулы аймақтарда қар көшкінінің қауіптілігі тұрақты. Барлық қауіпті аймақтарда алдын ала қар көшкінін түсіру жұмыстары жүргізілді жару әдістерімен. Осының өзінде жылдың басынан бастап 46 қар көшкінінің шараларын жүргіздік. 11 авариялық апатты құтқару механикалық бригадалар жұмылдырылды. 67 тұрақты бекет жұмыс істеп тұр осы қар көшкінін  бақылау және қар өлшегіш 25 маршруттар жұмылдырылған.

Туристердің көп баратын жері Кіші Алматы сілемінде орналасқан «Богданович» мұздығы екен. Теңіз деңгейінен 3200 м биіктіктегі бұл шыңнан Алматы алақандағыдай көрінеді. Және мұнда өте терең әрі әдемі үңгір пайда болған. Бүгінде ол Іле Алатауындағы көрікті жерлердің бірі. Талғар асуынан үңгірге көтерілу бір жарым сағатты алады. Туристерді арнайы дайындалған гидтер алып жүреді. Дегенмен, көптеген адамдар мұздыққа өз бетімен барғысы келеді. Олардың дені жастар. Қажетті құрал-жабдықтар мен жылы киімдерді алып жүруді естен шығарады. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментін алаңдататыны осы.

Әлішер Тоқтасын, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің алматы қалалық филиалы бөлімінің басшысы:

- Ол мұздыққа апаратын жаяу жүргіншілер жолының  бойында бізде  тіркелген 12 қар көшкіні қауіпті учаскесі бар. Бұл жерге келушілерге біздің мамандарымыз  сонымен қатар қызметкерлеріміз ескертпе кітапшаларын берумен шектелмей, сонымен  қатар қазіргі таңда Алматы қалалық филиал  және Алматы қаласының туризм  бөлімі мен қауіпсіз жолды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Әрине салауатты өмір салтын серік еткендерге мамандар ешқандай тосқауыл қоя алмайды. Дене тәрбиесі денсаулық кепілі екені рас. Тауға шығып таза ауада серуендеген жақсы. Бірақ қауіпсіздікті де қаперде ұстау керек. Өйткені табиғат апаты айтып келмейді. Сондықтан мамандардың ескертулеріне құлақ асқан жөн.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Григорий Беденко, Радик Жақыпов