Ақтөбеде құнды деректер тұрғындардан да жиналады

Ақтөбеде 1920-1950 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты мәліметтер қарапайым тұрғындардан да жиналып жатыр.

Бұл ең алдымен өткен ғасырдағы зұлмат кезеңнің нақты себебін тереңірек анықтауға ықпал етпек. Атап айтқанда, ашаршылық, аймақтың әр жерінде болған көтерілістер, ұлт зиялыларының жаппай қудалануы сынды деректерді түзуге септігін тигізеді. Құнды деректер, құжаттар мен фотосуреттер кейін естеліктер кітабына енгізіледі. Әзірге саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияға онға жуық тұрғыннан өтініш түскен. Ал соңғы екі жылда аймақ бойынша нәубет жылдарында репрессияға ұшыраған үш мың адамның тізімі жасақталған. Енді оларды ақтау үшін республикалық комиссияға жолданыпты. Сондай-ақ,  ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен байланысты мақалалар мен архив құжаттары бойынша жарық көрген екі томдық кітап оқырманға жетті.

Үмбетхан Сәрсембин, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі:

- Бізде архивте құжаттар көп әрине, жетеді. Бірақ ол құжаттың өзі сол кездегі саясатқа байланысты жазылды ғой. Ендігі біздің ұсынысымыз бойынша мынау деректердің көбісі халық ішінде жатыр. Біз осы тарихты да қосалқы дүние ретінде шығарып қалдырғымыз келеді. Осы бағытта біз халыққа сұрау салып жатырмыз, білетін естеліктер болса. Үлкен бір кітап қылып шығару жалпы мемлекет тарапынан қолға алынып жатыр.