Түркістанда өткен отырыста «Әкелер мектебінің» қоғамдағы орны талқыланды

Әкенің отбасындағы беделін арттырмай, қоғамдағы түрлі келеңсіздектермен күресу мүмкін емес.Түркістанда өткен облыстық ардагерлер ұйымының алғашқы жиынына қатысушылар осындай пікір білдірді.

Басқосуда «Әкелер мектебінің» қоғамдағы орны мен бала тәрбиесіндегі рөлі жан-жақты талқыланды.

Жетісайлық Маханбет Айтбай - аудандағы «Әкелер мектебінің» негізін қалаушы. 4 жылдан бері аудандағы мектептермен тығыз жұмыс істеп, тәрбие мәселесімен айналысады. Қария отбасы шырқының бұзылып, ажырасудың көбеюі, ұрлық, алаяқтық, қатыгездік, жастар мен мектеп оқушыларының жаман әрекетке бой алдырып, теріс жолға түсуі сияқты қоғамдағы өзекті мәселелердің түйіні әке тәрбиесімен тығыз байланысты екенін айтады.

Маханбет Айтбай, Жетісай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бізге «Әкелер мектебінің» қажеттілігі – кейінгі 30 жылдың көлемінде әкелер мектепке тәрбие мәселесі бойынша ата-аналар жиналысына келмейді. Әке – асқар тау дейміз ғой. Әкенің орны бөлек. Сондықтан әке келсе, көп мәселе шешіледі. Тек айхай-шумен емес, көзқарасымен де мәселе шешкен. Бірақ бұл қоғамда үлкен мәселе. Қоғамда тәрбие мәселесі шешілмей, ешкім ешқашан табысқа жетпеген.

«Әкелер мектебі» облыстағы барлық ауданда ашылған. Негізігі мақсаты – ата-ананың жауапкершілігін арттырып, жас ұрпақтың санасына тәрбие дәнін егу. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, біреудің ала жібін аттамау сияқты қасиеттерді жастардың бойына сіңіру. Ардагерлердің айтуынша, бүгінге дейін осы бағытта бірталай шаруа атқарылғанымен оның барлығы кемшілікті ғылыми негізде шешуге емес, мәселені реттеуге бағытталған. Сондықтан биыл ардагерлер ұйымы елімізге белгілі ғалымдар мен  ұстаздардың басын қосып, Түркітсанда үлкен жиын өткізбекші.

Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы:

- Осының арқасында суицид 25 пайызға төмендеді. Мектеп жасындағы балалардың құқық бұзушылығы 30 пайызға кеміді. Жасөспірімдердің арасында 8 пайызға дейін азайды. Өздерінің қызығып, еңбектенуінің арқасында нәтижесі байқалады. Дегенмен бұл күрделі мәселе. Ол бір күнде, бір жылда болатын дүние емес, жылдарға мақсат қоя отырып, келешекте ұрпақтарымыз нағыз елін, жерін қорғайтын азаматтар болады деген ниеттеміз.

Жалпы қазір Түркістан облысында 18 соғыс, 140 мыңнан аса еңбек және тыл ардагерлері бар. Сондай-ақ өңірде 536 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. 528 елді мекенде «Аналар мектебі» ашылған. «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында 21 кәсіби, 399 қоғамдық медиатор-ардагер тәрбие жұмысымен айналысады. Бастысы «Әкелер мектебі» ұрпақты тәрбиелеу арқылы қоғамды түзейтініне сенеді.  

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш