Атырау облысының оңалту орталығында тегін оқу басталды

Атырауда «Болашақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен оңалту мекемелерінің мамандары үшін кинезиотерапия бойынша семинар-тренинг өтті. Шара «Теңізшевройл» компаниясының «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында қаржыландырылды. «Атырау облысының оңалту саласы мамандарының әлеуетін арттыру» жобасына қатысушылар жыл бойы тегін дәріс алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медициналық оңалту қызметімен облысымызда 90-ға тарта ұйым айналысады. Себебі сұраныс жоғары. Қазір облыста дамуы тежелген 4 мыңға тарта бала бар және ерекше қажеттіліктері бар бала саны жыл сайын ұлғайып келеді. Сондықтан оңалту саласының кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру бүгінгі таңда күрделі мәселе болып отыр. Туғаннан сал ауруына шалдыққан және сөйлеу, есту кемістігі бар балаларды бейімдеуде ата-аналардың да сауаты болғаны жөн, - дейді дәрігерлер.

Толғанай Оңайбаева, емхананың учаскелік дәрігері:

- Ата-аналарға балаларына өте мұқият болуын және қарапайым үйдегі кешкі отырыстың өзінде әр қимылын, әрбір айтқан сөзін, қараған көзіне, бәріне мән бергенін дұрыс деп есептеймін. Өйткені егер де бір ауытқушылық болса, бірден дәрігерге қаралу керек.

Бүгінгі семинар-тренингке оңалту орталықтарының мамандары, ерекше балалардың ата-аналары қатынасты. Олар орталықтан кинезиотерапия, нейропсихология, дефектология, логопедия, психология бойынша дәріс алып жатыр. Тренинг – тегін. Жобаны «Теңізшевройл» компаниясы қаржыландырып отыр.

Хэймиш Полс, ТШО Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджердің орынбасары:

- Биыл «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында 21 жоба іске асырылатын болады. Оған 2,5 млн доллар бөліп отырмыз. Бағдарлама аясында біз «Болашақ» қорының жобасын да қолдауға дайынбыз.

Жібек Бисенова, «Болашақ» ҚҚ басшысы, дәрігер-реабилитолог:

- Қалалық емханалардан қатысып жатыр. Осы тренинг жыл бойы желтоқсан айына дейін болады. 12 айдың ішінде 600 адамды оқытамыз.

Келесі кезекте алыс аудандар мен ауыл мамандары оңалту орталығынан дәріс алатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.