Қостанай облысының су қоймалары жартылай бос тұр

18 жыл бойы дұрыс су түспегендіктен Қостанай облысының су қоймалары жартылай бос. Алдағы 5 жыл тағы осындай болса, аймақта су тапшылығы туындап, ауыз судың сапасы нашарлайды. Мамандар осылай деп отыр.

Қаратомар мен Жоғарғы Тобыл су қоймаларының сыйымдылығы миллиард текше метр болғанымен, қазіргі қоры 600 миллион текше метр шамасында ғана. Былтыр осы қоймалар арқылы өзенге 70 миллион текше метр су жіберілген. Ал биыл өзге облыстар мен Ресейден су көп келуі екіталай. Көктемгі тасқын да жағдайға айтарлықтай әсер ете қоймас, - дейді мамандар. Жалпы, су айдындары саяздаса, балдыр көбейіп, тіршілік нәрінің сапасы кетеді.

Дәурен Әбдіхамитов, «Қазсушар» РМК филиал директоры:

- Коммуналдық шаруашылық құрылымдары балама су көздерін іздеуі тиіс. Яғни, тезірек жерасты суларын пайдалануға көшкеніміз дұрыс. Мысалы, Қаратомар су қоймасы бойынша жылдық тұтыну 15-20 миллион текше метрге тең. Уақыт өткен сайын қоймалардағы зиянды химиялық элементтер артып жатыр.