Қарағандының Ғ.Мұстафин кентінде спорт кешені салынып жатыр

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин кентінде өңірдегі ең үлкен спорт кешенінің құрылысы басталды.

Жергілікті жұрт бұл күнді ұзақ күткен. Себебі елді мекен жастары қазір ескі мектептің қуықтай тар залында жаттығып жүр. Басқа баратын жерлері жоқ. Сонымен жаңа нысан қашан ел игілігіне беріледі? Жоба несімен ерекше?

Ескі мектептің мына шағын ғана спорт залында күндіз сабақ өтеді. Ал кешкілік ауыл жастары келіп жаттығады. Елді-мекенде дене шынықтырумен айналысатын басқа нысан болмағандықтан мектеп әкімшілігі рұқсат берген. Қазір Ғабиден Мұстафин кентінде 4,5 мың халық тұрады.  

Бағлан Сансызбай, оқушы:

- Ауылда мектептен басқа ешқандай спорт залы жоқ. Кешкі уақыттарда мектеп тарапынан шаралар ұйымдастырылғанда келіп қатысамыз. Енді тұрақты түрде спортпен айналысу үшін спорт залы керек.

Аманбек Тілеуханұлы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Жастар енді кешкілік осында келеді. Басқа баратын жерлері жоқ. Спорт залымыз міне кішіректеу. Енді міне үлкен ФОК салып жатыр енді ауылымызға. Сол бітсе енді жастарымыз тұрақты түрде дайындалады.

Көп тілегі қабыл болып, қазір мұнда жаңа нысанның құрылысы басталды. Айтуларынша, бұл облыстағы ең үлкен спорт кешені болмақ және ғимараттың жобасы да өзгеше. 3 мың шаршы метр нысанда 320 адамдық көрермен залы, бокс, күрес, футбол, валейбол, шахмат, тоғызқұмалақ секілді бірнеше секция болады. Айналасына жазғы спорт алаңдары да салынады. Қазір іргетасы мен негізгі бетон қабырғалары құйылған. Жеке қазандығы, су мен тоғы дайын тұр. Құрылысқа қазынадан 1 миллиард 280 миллион теңге бөлінген.

Зүлкәфіл Омаржанов, Бұқар жырау ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Ең үлкен кешен бұл облыс бойынша Мұстафин кентіндегі бұл нысан. 265 миллион теңгені игердік. Биылға 509 миллион теңге ақшасы бөлініп тұр. Бітіретін уақыты құрылыстың 2024 жыл.

Биыл жалпы облыс бойынша барлығы 100 спорт нысаны салынады. Оның көпшілігі ауылдық жерлерде. Дене шынықтыру сауықтыру кешендері көбейгендіктен енді бассейнге басымдық берілмек.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар