Елімізде Kia электромобильдері сатылымға шығарылды

Елімізде алғашқы Kia электромобильдерінің ресми сатылымы басталды. Дистрибьютор Allur Motor Qazaqstan компаниясы көліктің қос жабдықталымын ұсынып отыр. Заманауи темір тұлпарға қазірден сұраныс көп. 17 қаладағы дилерлік орталықтар өтінім қабылдауға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл – тұңғыш Kia электромобилі. Елордада өткен тұсаукесерде EV6 моделіндегі темір тұлпардың қос жабдықталымы ұсынылды. Арнайы жоғары  технологиялық платформаның арқасында электромобильдердің артықшылығы еселене түсті. Мұнда бейімделген матрицалық LED-шамдар бар. Meridian премиум-аудиожүйесі енгізілген. Алдыңғы орындықтарды желдетуге болады. Қауіпсіздік үшін 9 жастықша орнатылған. Көпшілікті Stop&Go қызметі бар бейімделген круизді бақылау жүйесі де тәнті етті.

Евгений Шумков, Allur компаниясының маркетинг директоры:

- Біз барлық Киа дилерлік орталығының қуаттау стансасымен жабдықталуын қадағалаймыз. Назарларыңызға ұсынып отырған Kia EV6 көлігі 800 Вольтты кернеулі станса көмегімен бар болғаны 18 минутта 10%-тен 80%-ке дейін қуат алады. Бірақ мұндай жоғары кернеудің болуы шарт емес. Себебі батареяны үйдегі қуат көзімен де толтыруға болады.

Жоғары технологиялық кроссовер 5 секундта-ақ сағатына 100 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғала алады. Қуатты аккумулятор оның бір мезетте 500 шақырымды басып өтуіне мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, елдегі Kia EV6-ға 5 жыл немесе 150 000 шақырым жүріске кепілдік беріледі.

Нариман Бектұров, ҚР бойынша Kia дистрибуциясының маркетинг директоры:

- Жаңа модельдің қызықтырар тұсы көп. Ең алдымен, жүріс қоры 500 шақырымнан асады. Аяғыңыздың астында орналасқан батареяның сыйымдылығы жоғары. Көлік жүргізуші көмекшілерінің кешенімен қамтылған.

Электромобильдердің айрықша дизайны мен кең салоны көпшілікті бейжай қалдырмаған. Көліктің алғашқы партиясы әп-сәтте сатылып кетті. Жалпы, былтыр елімізде 14 мыңнан аса Kia автокөлігі сатылды. Ал бренд нарығының үлесі 9-дан 12%-ке дейін өскен.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ақылбек Есімсейітов.