Елордада құтқарушылар мемориалына гүл шоқтары қойылды

Елордада алғыс айту күніне орай құтқарушылар мемориалына гүл шоқтары қойылды.

Шарада қауіп-қатердің ортасында жүрген мамандар мадақталып, оқушылар флешмоб өткізді. Бүгінгі күннің батырларына ізгі ниетін білдіруге Түркия елшілігінің өкілдері де келді.

Елордада 1500-ден аса құтқарушы бар. Бейқам жұрттың берекесін күзеткен мамандардың соңғы уақытта жұмысы қауырт. Ел ішінде апаттар, одан қалды өзге мемлекеттерде оқыс оқиға көбейіп, әлем халқы құтқарушылардың қызметіне тәуелді болып қалды. Дегенмен, отандық мамандар қай кезде өздерінің біліктілігін көрсетіп келе жатыр. Тек кейде осы жанкешті ерліктің соңы қайғылы оқиғаға алып келеді. Бүгін қызметте жан тапсырған батырлардың рухына тағзым етіліп, «Құтқарушы» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Ерден Қабылтаев, Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Бүгін Байқоңыр ауданымен бізде жиналыс болып жатырү Құтқарушылар алаңында. Сол Турцидан келген. Қостанайдан келген, Екібастұздан келген құтқарушылар жиналып отырмыз.

Қазақстандық құтқарушылар шетелде де мойынға артылған міндетті абыроймен атқарып жүр. Таяуда болған Түркиядағы жер сілкінісінде отандастарымыз бірнеше адамды аман алып қалған еді. Енді оларға алғыс білдіруге Түркия елшілігінің өкілдері келді. Жанқияр ерлік пен батыл қимыл жасаған отандастарымыздың әрекеті бауырластығымызды бекемдейді дейді олар.

Махмут Шевкет Байрам, ҚР Түркия елшісінің кеңесшісі:

- Қазақстан Түркияға ең көп құтқарушы жіберген мемлекеттердің қатарында. Сіздердің білікті мамандарыңыз арқылы залалдың зардабын азайтуға мүмкіндік туды. Бүкіл Түрік жұртының алғысы шексіз. Биліктің ғана емес бұқараның да бізбен тілектес болғанын көрдік. Бұл біздің халқымызға демеу болды. Қазір Түркияда қазақтың киіз үйінен тұратын ауыл бар. Ол жерде Қазақстанның көк туы желбіреп тұр.

Шараға Байқоңыр ауданы әкімдігі мұрындық болды. Қызметін қарашаның қамына арнап, жанқияр ерлік жасаған батырларға оқушылар да ризашылығын білдіріп, «Мың Алғыс» флешмобын өткізді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Артур Горшняков