Папиллома вирусы: екпе келесі жылы басталады

Келер жылы жасөспірім қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы иммундау шарасы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакцинация екпе егу кестесіне қосылды. Бұл шара жатыр мойыны обырының алдын алуға сеп болмақ. Себебі дәл осы вирус салдарынан онкологиялық ауру туындайды екен. Сондықтан да әлемнің 140 елі вакциналауды қолға алған. Бұл мемлекеттерде аурушаңдық 60%-ға төмендеген. Адам папилломасы вирусына қарсы екпе тек ата-ананың келісімімен ғана жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алғашқы кезеңде 11 жастағы 100 мың қыз балаға екпе салу жоспарланған. Әзірге қай елдің вакцинасы қолданылатыны нақтыланған жоқ.

Жалпы, елде жылына 2 мыңдай әйел жатыр мойыны обырына шалдығады. Оның 600-ге жуығы қайтыс болады.

Мұхтар Төлеутаев, қалалық «Көпсалалы медицина орталығы» МКК директоры:

- Жатыр мойынының обырының себептерінің біреуі адам папилломасының кеселі деп анықталған. Сондықтан алдын алу үшін екпелер жасалады.

Аурушаңдық – жалпы дүние жүзінде көбейіп келе жатқан үрдіс. Ол бізде де солай болу керек. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын бұл ауруға кездесуі ықтимал.

Қазір ел арасында екпе жайлы кең ауқымда түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Себебі осыдан 10 жыл бұрын адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны қолдмағандар шығып, жобаны тоқтатуға тура келген еді.

Жалпы, елде жыл сайын обырдың 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталып, 13 мыңнан астам адам көз жұмады. Қазір Қазақстанда онкологиялық аурулармен күресудің 2023-25 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді.

Әлия Бекжанова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау және оңалту басқармасының басшысы:

- Бұл кешенді жоспар 5 бағытқа бағдарланған. Біріншісі профилактика және қауіп факторларын басқару. Екіншісі – жоғары тиімді диагностика, үшіншісі мамандандырылған емдеуді дамыту, төртіншісі – полиативтік көмек және оңалту көмегін дамыту, бесінші ол кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту болып табылады.