Павлодарда құтқарушылар оқу-жаттығу шараларын өткізді

Павлодарда құтқарушылар 2 күн қатарынан оқу-жаттығу шараларын өткізді. Бұған күннің күрт жылынып, қардың жаппай еруі себеп болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі кезде өзен үстінде жүру қауіпті. Қар суы сіңген мұз опырылып кетуі мүмкін. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша Ертістің арғы жағалауына балық аулауға кеткен 4 адам құтқарылды. Қалың тұманда адасқан балықшыларды іздеуге 36 адам мен иісшіл иттер жұмылдырылды. Жоғалған адамдар 1 сағат ішінде табылды. Екінші жағдайда Ертіс жағасында серуендеп жүрген ер адам абайсызда өзенге құлап кеткен. Шұғыл көмекке аттанған құтқару жасағы оның өмірін аман алып қалды.

Облыс бойынша құтқару бөлімшелері Екібастұз, Ақсу және Павлодар қаласында орналасқан. Ал оқу-жаттығу іс-шаралары құтқарушылардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасу үшін қажет.

Серік Шериязданов, ТЖД Жедел  құтқару басқармасы басшысының орынбасары:     

- Қалыңдығы 65, 50 см болса да, адамның салмағын көтере алмайды, опырылып кетуі мүмкін, өте қауіпті. Сол себептен көбінесе осы әуесқой балықшыларға түсініктеме жүргіземіз. Кейбіреулері тыңдайды, өте қауіпті екенін түсінеді. Кейбіреулері, әсіресе мына үлкен адамдар, олар тыңдамайды.