Түркістан қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Түркістан қаласында Қарағанды облысының жұмыс берушілері бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға кенді өңірдің ірі кәсіпорын басшылары мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары және Түркістан облысының жұмыссыз тұрғындары мен білім беру ұйымдарының бітіруші түлектері қатысты. Жұмыс берушілердің айтуынша, Орталық Қазақстандағы ірі кәсіпорындарға 5 мыңға жуық маман қажет. Атап айтқанда, автопарктерге жүргізуші, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, жүк тиеуші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, агроном және тігіншілерге сұраныс жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпорын өкілдері жұмысшылардың айлық-жалақсы қанша болатыны, отбасымен көшіп барған азаматтарға нендей жеңілдіктер қарастырылатыны және баспанамен қамту жағы қалай шешілетіні туралы көпшілікті толғандырған әлеуметтік маңызы бар сауалдарға жауап береді.

Түркістан облыстық жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, өңірде жұмыссыз ретінде ресми тіркелген 43 мың тұрғын бар. Өткен жылы 120 мың адам түрлі жұмыстарға тартылған.

Нұрлан Әбдірахман, қала тұрғыны:

- Мамандығым – агроном. Қарағанды облысына жұмыспен қамту бойынша сөйлестім. Жататын пәтерін төлейді екен. Жолдасыма да жұмыс табылып жатыр. Сол жаққа барсам ба деп ойланып отырмын. Үйдегілермен ақылдасып, шығармын, құдай қаласа.

Нұржан Сыздықов, Қарағанды қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- Қарағанды қаласы бойынша бізде 356 мекемеге 3 мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Бұнда кіші және үлкен мекемелер бар, әртүрлі мамандықтай бойынша. Орта есеппен бізде жалақы 70 мыңнан 500 мың теңге дейін. Шахталарда жалақы көп. Ал кәсіпорындарда 300-350 мың болады. Өздерінің жатақханалары бар. Қызығушылық танытқан адамдарды өздеріне алады.