Елордада «Алтын жүрек» монументіне гүл шоқтары қойылды

Алғыс айту күніне байланысты бүгін астаналық бір топ жастар «Алтын жүрек» монументіне гүл қойып, тағзым етті.

Сол арқылы қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді. Елорданың Есіл аудандық әкімдігі мұрындық болған шараға коронавирустан көз жұмған абзал жандардың әріптестері де қатысты.

Ел үшін еңбек еткен қай мамандық иесі құрметке лайық. Солардың ішінде әлемді қаупті індет жайлағанда жанқиярлықпен қарсы тұрған медицина қызметкерлерінің ерлігі ерен. Астана төрінде орнатылған «Алтын жүрек» ескерткіші халықтың  сол адал перзенттеріне  деген ыстық ықыласының көрінісі.

Өкінішке орай, коронавируспен күресте ел амандығы үшін өз өмірлерін қиған дәрігерлерде аз емес. Қазақстан бойынша денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған. Елордада осы кезең аралағында 24 медицина қызметкері індет құрбаны болды.

Берік Тайкенов, Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қаншама әріптес достарымнан айырылдым. Солардың бірі ұстазым, досым Павел Иванович Шолох менің есімде мәңгі қалады. Ол Президенттің іс басқармасы ауруханасында уролог болып жұмыс істеді. Адамдарды жұқпалы вирустан емдеу жолында аянып қалған жоқ. Алайда қаншама жанға өмір сыйласа да, өзі індет тырнағынан құтыла алмады.

Алғыс айту күніне орай Есіл аудандық әкімдігі ұйымдастырған қайырымдық шара мұнымен шектелген жоқ.  

Дарменияр Қыдырбекұлы, Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

- Ол жалғыз шара емес. Біз бүгін жалпы тыл еңбеккерлеріне, үлкен кісілердің үйлеріне кіріп шығып, өз алғысымызды айтып, кішкене сый-сияпатымызды көрсетіп жатырмыз. Тағы қалада күнделікті жұмыс жасап жатқан жұмыскерлерге, апа-аналарымызға тоқтап, шәй беріп, сондай да іс-шарамыз бар.

Айта кетелік,  Мемлекет басшысының Жарлығымен  бекітілген «Халық алғысы» медалімен 900-ге жуық денсаулық сақтау саласының қызметкері марапатталды.

Мағауия Қалиев, Жандос Битабаров