Елде «Бөлшек салық туралы» норма заңға енгізілді

Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. «Бөлшек салық туралы» норма заңнамаға енгізілді.

Бұған дейін 2 жыл бойы дағдарысқа қарсы шара ретінде қолданылып келген бап енді «Салық кодексінде» тұрақты тармақ ретінде сақталады. Бүгін сенаторлар тиісті өзгерістерді қолдап, заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Айта кетерлігі, осы өзгерістің арқасында бизнесмендердің салық көлемі азайып, оны төлеу тәсілдері де жеңілдейді. Мәселен, бұған дейін салықтық мөлшерлеме 6 процентті құраса, енді бұл көрсеткіш 4 процентке дейін төмендейді. Сондай-ақ заң жобасы бұл жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер тізімін де кеңейтті. Оны 200 қызметкері бар, жылдық табысы 600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, бизнес иелері қолдана алады.

Бекболат Орынбеков ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заңды тұлғаларға тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызметтер көрсетуден түскен кірістер бойынша 8%-ға мөлшерлеме белгілеу. Осы арнаулы режимін қолдану өлшем шарттары: жұмыскерлердің жалпы орташа саны 200 адамнан және жылдық кірісі 600 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Салықтың көрсетілген сараланған мөлшерлемелерін қолдану үшін салық төлеушілер бөлек салық есебін жүргізуі тиіс.