Елде төтенше жағдай қызметтерінің өкілдері көктемгі су тасқынына қарсы шараларды пысықтап жатыр.
Бүгін кезекті оқу-жаттығу жұмыстары басталды. Тек Ақтөбенің өзінде бұл жиынға жүздеген адам мен техника жұмылдырылды. Ал өңір бойынша су басу қаупі жоғары ондаған аумақ бар.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Біз қазір Төтенше жағдай департаменті мен өзге де ұйымдардың бірлескен кезекті оқу-жаттығу алаңында тұрмыз. Мұнда көктемгі су тасқынына қарсы шараларды арттыру, дайындықты шыңдау пысықталады. Яғни жағдай күрт ушықса арнайы департамент пен өзге де жауапты органдар қолда бар мүмкіндікті пайдаланбақ. Өздерінің көріп тұрғандай мұнда арнайы техникалар, қайықтар, су сору құралдары яғни, қажеттінің бәрі бар. Шара кезінде құтқарушылар мен әскерилер, еріктілер, түрлі мекеме қызметкерлері бірнеше топқа бөлініп, жаттығу жүргізеді. Бірі су жүруі мүмкін арықтарды тазартса, енді бірі мектеп секілді маңызды әлеуметтік нысандарды тасқыннан қорғау жұмысын атқарады. Белгілі болғандай, бұл науқан кезінде қолданылатын күштің бір бөлігі ғана. Жүздеген адам мен техника елді мекендерді су басу қаупін болдырмау үшін еңбек етуде.
Айта кету керек, биыл өңір бойынша түскен қар аса қалың емес. Дегенмен, күздің соңғы айы мен қыс басындағы жауын-шашын мол болған. Сондықтан, жауапты органдар көктемгі тасқыннан алдын алуға белсене кірісіпті. Әзірге өңір бойынша су басу қаупі жоғары 28 аумақ бар. Оның 12-сі Ақтөбеде. Сондықтан, облыс орталығынан қар шығаруға жауапты мердігер мекемелер күні-түні жұмыс істеп жатыр. Тек жыл басынан бері қаладан 164 мың текше метр қар шығарылған. Қазір негізгі күш жыл сайын көктемде көшелерін су басатын бес шағын ауданға жұмылдырылып отыр. Бұл туралы қала әкімдігінің өкілдері айтқан еді.
Ернар Қалауов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Суға кету қаупі бар кейбір көшелерден екінші рет, үшінші рет қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күндізгі уақытта 7 бригада жүр, 7 погрузчик және 60-қа жуық самосвал жұмылдырылған, 50 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар, түңғі уақытта да Мәскеу ауданынан қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Синоптиктердің айтуы бойынша көктем ерте келеді дейді. Сондықтан біздер 10-ыншы наурызға дейін Мәскеу ауданы және қала аумағындағы бүкіл суға кетуі бар көшелерден қар шығару жұмыстарын аяқтаймыз.
Жалпылай алғандай, көктем келіп күн жылына түскен сайын төтенше жағдай қызметтерінің жұмысы қыза түсті. Алайда, мамандардың айтуынша, алда әлі боранды және қытымыр аязды күндер де бар.
