Астанада іскер әйелдерге арналған семинар өтті

Бір өңірде бизнес ашқан кәсіпкерлер бірігіп, өндірістік тізбек құруы қажет.

Шалғай елді мекендердегі кәсіпкерлікті қолдау мақсатында елімізде "Бір ауыл – бір өнім жоба" жүзеге асып жатыр. Бұл жоба шағын және орта бизнесті басқаратын нәзікжандыларға арналған. Әзірге жоба Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында іске қосылған. Кәсіпті тұрақты дамыту мен өзара тәжірибе алмасу мақсатында өңірлердегі іскер әйелдер бүгін Астанада бас қосты. Ұлттық экономика министрлігі ЮСАИД-тің бизнес ортаны қалыптастыру жобасы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен оларға семинар-тренинг ұйымдастырылды. Мақсат - бір елді мекендегі кәсіпкерлердің басын қосып, өндірістік тізбекті құруды үйрету.

Айгүл Ақшалова, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы:

- Осындай жеке бағыттарды біріктіру үшін тұтас кооперация құру қажет. Өйткені жалғыздың үні шықпайды демекші, мұндай кооперациялар жеке цехтар мен кәсіп түрлерінің жұмысын біріздендіреді. Сондықтан бүгінгі семинарға кооперацияны қалай құру керегін үйрену үшін арнайы келдім.  Мұндай мүмкіндік ұсынып отырған ЮСАИД-ке шексіз ризамыз.

Ләззат Рамазанова, ҚР Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі:

- Бұл енді әрине, халықаралық әйелдер күні маңайында өткізіп жатқан іс-шараның бірі. Бірақ дегенмен, бүгінгі таңда әйелдерге, әсіресе кәсіпкерлікте жүрген әйелдерге көзқарасымыз, беріліп жатқан мемлекетік көмектің ауқымы да өзгерді. Бүгінгі таңда бизнесқа келген ханымдардың саны еліміздің жалпы статистикасын алсақ, ішкі өнімнің 40 пайыздан астамын осы нәзік жандар басқарып жатқан ұйымдар беріп жатыр.