Қазақ қызына әлемнің әйгілі сән үйі «құда түсті»

Қазақ қызына әлемнің әйгілі сән үйі «құда түсті». Айнұр Полатованың ұлттық нақышта жасаған киіз үй түріндегі бұйымына, франциялық компанияның көзі түсіп, шеберді өздеріне шақырды.

Енді жаһанға танымал бренд киіз үй пішінінде сөмке тігеді. Айнұр Астанада оқиды. Осыдан үш ай бұрын «талапай» атты бірегей жобаны қолға алған. «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» ойындарын қазақтың ою өрнегімен көркемдеп, қоржын түрінде ұсынып отыр. Асықты полиуретан деген материалдан, ал, тоғызқұмалақтың тасын киіз бен қыштан өзі жасайды. Жаңа жобаға Түркия, АҚШ, Нидерланды да қызығушылық танытты. Өзі, кәсіби дизайнда оқымаған. Филолог. Биыл енді Германияда, Гете атындағы университетте академиялық ұт-қырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдамақ. Одан соң қазақы нақыштағы сөмкенің ерекше дизайнын таныстыру үшін жазда Францияға аттанады. Сән үйінің ресми өкілдерімен кездеседі.

Айнұр Полатова, жоба авторы:

- Олар Швейцарияда киіз үй пішінінде дүкен тұрғызған еді. Сол дүкеннің концепциясын негізге ала отырып, өзімді таныстырып, мен осындай жобаның авторымын және менде киіз үй формасында бестемше деген ойын бар, оның сыртқы формасы көп адам сөмкеге ұқсатып жатады, бір жағынан интелектуалды ойын, екінші жағынан сөмке, бұл ойын өте ерекше деп ойлаймын, егер қызықты болса маған кері жауап қайтарарсыздар деген едім. Алайда жауап қайтарады деген сенім болмады. Екі аптадан кейін жауап қайтарды. Идеяның қызықты екенін айтып, қосымша көмек үшін хабарласуымды айтты. Киіз үй пішініндегі сөмкелерді жасау туралы идеяға қызығып отыр.