Ел тұрғындары есірткіге қарсы күресті күшейтуді ұсынды

Ел тұрғындары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасына қатысты жүзден аса ұсыныс білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір полицейлер үкіметтік емес ұйымдармен және дағдарыс орталықтарымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Қазақстандықтар әсіресе есірткі қылмысымен күресті күшейту керек дейді. Себебі интернетте сауда қызып тұр. Алайда түйіткілдің түйінін тарқату қиын. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мектеп пен жоғары оқу орындарында тексеріс жүргізуді ұсынды. Бұл есірткіге әуес жастарды анықтауға мүмкіндік береді. Полицейлердің пікірінше, нашақорлыққа салынғандарды жеке клиникалар мен жедел медициналық жәрдем станцияларының деректері арқылы есепке алу да көмектеседі.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы:

- Концепциямыз 5 жылға құрылып, 2024-2028 жылдары тиісті жарлықпен бекітіледі. Концепцияның негізгі мақсаттары – біріншіден, азаматтардың мүлігі, денсаулығы мен мүлкін қорғауды күшейту. Екіншіден, құқық бұзушылық профилактикасының тиімді жүйесін құру.