Түркістан облысының 2 ауылы табиғи газбен тұрақты қамтылды

Түркістан облысының Төлеби ауданында 2 ауыл табиғи газбен тұрақты қамтылды. Енді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне қарасты Мәдени және Сарқырама ауылдарын көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз ететін болады. Бұл ауылдар бұған дейін де табиғи газбен қамтылған еді. Алайда ауылдардың жекеменшік газ тасымалдаушыдан ұлттық оператордың қарамағына өтуіне не түрткі болды?

Сарқырама мен Мәдени ауылдары алғаш көгілдір отынға 90-шы жылдары қосылған. 2020 жылдан бері бұл ауылдарды табиғи газбен жекеменшік «Қарамұрт-Газ» ЖШС қамтамасыз етіп келген. Алайда тасымалдаушы фирма газды жеткізгені болмаса, қауіпсіздік шараларына мән бермеген, - дейді тұрғындар.

Шухрат Розақұлов, ауыл тұрғыны:

- Менің үйімнің біраз жерінен газ шығатын еді. Соларға айттым, газ шығып жатыр деп, олар «контролерға айтып қойдық» деді. Содан бері 1 жылдай уақыт болса, әлі күнге үйіме ешкім келіп тексерген жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жекеменшік компания газ жүйелерін де мүлдем жаңартпаған. Құбырлар техникалық талаптарға сай келмейді. Соның салдарынан өткен қыста мұндағы 600-ге жуық абонент жылусыз қалып, ауыл тұрғындарын әбден әбігерге салған.

Әбдіқадыр Сыйқымбаев, Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің әкімі:

- Сондықтан да біз ауыл тұрғындары барлығымыз келіскен түрде «ҚазТрансГаз Аймаққа» өту бойынша келісімімізді беріп, кешегі 1 наурыз күні толыққанды осы ұлттық операторға өттік. Бірінші кезектегі біздің мақсатымыз – адамдардың қауіпсіздігі.

Бүгіннен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының қызметкерлері 2 ауылдан қабылдап алған газ жүйелерін тексеруді бастады. Кем-кетігі болса, бірден ауыстырмақ.

Нұржан Түймебаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры:

- Бүгінгі күннен бастап мобильді зертхана әрбір газ жүйелері бойынша жүріп отырады. Қандай да бір ахаулар болатын болса, қалпына келтіріп, қауіпсіздік шараларын қатты қадағалайды. Осы 2 ауыл өткеннен кейін келесі ауылдар да ұлттық операторға өтуге өздерінің ниетін білдіріп отыр.

Бұдан бөлек, биыл Түркістан облысында осы уақытқа дейін мүлдем газ жүйелері тартылмаған 20 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.