Жылыжай шаруашылығы үшін қатты отынды жеткізу тетігі әзірленді

Жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін қатты отынды тікелей жеткізу тетігі әзірленді. Бұл өз кезегінде көмір тапшылығын жойып, қымбатшылыққа жол бермейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин шымкенттік кәсіпкерлермен кездесуінде мәлімдеді. Жиында сауда-саттық нарығындағы біршама түйіткілді мәселелердің шешімі айтылды.

Атамекен палатасында ведомство басшысының кәсіпкерлермен өткен кездесуінде бұған дейінгі көтерілген біршама мәселенің шешімі айтылды. Соның бірі – жылыжай шаруашылығына диллерлік сауда-саттық желісі арқылы қатты отынды тікелей тасымалдау тәсілі.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

- Кеше мен Шұбаркөл көмірінің иелерімен кездестім. Александр Машкевичпен, ERG ұйымының президентімен, олар келісімін берді. Диллерлер арқылы арнайы сауда-саттық осы жылыжайларға жасау үшін. Сол себепті осы жұмыс, менің ойымша, шешілген деп есептеймін.

Шымкентте 200 гектар жылыжай бар. Оның басым бөлігі – заманауи өндірістік кешен. Соңғы үлгімен жабдықталған 4 гектар алқапты игеріп отырған Берік Орынтаев жиында Сауда және интеграция министріне өз ұсынысын жеткізді. Жылыжай қауымдастығының атынан сөз алған ол солтүстік пен оңтүстік өңірлері арасында алдын-ала сауда келісімін жасасу керек деп есептейді.

Берік Орынтаев, шаруа қожалық төрағасы:

- Неге мысалы форводтық келісімшарт істемеске?! Солтүстік өңірлер алдын-ала 1 жыл бұрын өнімге тапсырыс береді. Оңтүстік жылыжай кешендері бірлесіп, сол форводқа сәйкес өнімді дайындайды. Алдын-ала өзінің пайдасын жобалайды, оған сәйкес шығындарын да жобалайды. Бұл тұрақтылыққа әкеледі, менің ойымша.

Сауда және интеграция министрі бұл ұсынысқа оң көзқарасын білдіріп, зерделеу жұмыстарын жүргізуге келісті. Жылыжай шаруалары үшін тағы бір ақжолтай ақпар. Биыл ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер бірыңғай стандарттау жүйесі арқылы субсидияға қол жеткізе алады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

- Стандарттау деген – ол заңды жолға аудару. Себебі қолмен салынған жылыжай ертең ешқандай үкіметтік қолдауды көре алмайды. Біздер енді оларға субъсидиямен қолдау көрсетеміз

Жиын соңында жылыжай шаруаларының коммуналдық шығындарын субсидиялау мен әлеуметтік маңызы бар тауар өнімдерін саудалау туралы да сөз қозғалды. Ведомство басшысы сауда нарығында баға өсімін бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.