Көктемде адамдардың көпшілігінде дәрумен тапшылығы байқалады

Көктемде адамның 60-80 пайызында дәрумен тапшылығы байқалады.

Ол иммунитеттің төмендеп, ағзаның әлсіреуіне алып келеді. Қазір нарықта дәрумен саудасы қызып тұр. Алайда оны дәрігер нұсқауынсыз ішу қауіпті емес пе? 

Көктем келісімен ұйқысы қанбай, шаршап-шалдығып жүретіндер көбейеді. Бойдағы әлсіздікке бейжай қарауға болмайды. Мамандар осынау мезгілде дәрумендер мен минералды заттар қоры тапшылығы белең алатынын айтады. 

Ұлдана Ахмедина, терапевт, пульмонолог:

- Көктем-күз мезгілдерінде бізге ЖРВИ белгілерімен келетін науқас көбейеді. Зерттей келе, олардың жартысына жуығында дәрумен тапшылығы барын анықтаймыз. Осындайда науқастарға дәрумендер кешенін дәрігер ғана тағайындайтынын айта кетейін. Себебі оны бейберекет іше беру бауырдың жұмысына кері әсер етеді.

Бірақ авитаминоздың алдын алуға болады. Мысалы, күнделікті жеміс-жидек пен көкөніс жеу пайдалы. Тағамның құнарлы болуы да маңызды. Өкінішке қарай, жұмысбасты көпшілік өз рационын дұрыстауды ұмытады. Күн көзі онсыз да аз түсетін аймақтарда таза ауа жұту дағдыға айналмаған. Оның салдары - ағзаның әлсіреуіне алып келеді. Күйзеліс, физикалық қозғалыстың аздығы, ұйқының бұзылуы да адамның қалыпты өмірден қашықтауына себеп дейді мамандар. 

Жанна Омар, нутрициолог:

- Біздің ағзамыз ақылды. Ол өзгерістер жайлы бірден хабар беріп отырады. Тырнағыңыздағы ақ нүкте цинк тапшылығын білдіреді. Оған сараптама жасатып, көз жеткізсеңіз болады. Мысалы, балаларда ақуыздың азайғанын тырнақ айналасындағы терінің түлеуінен білеміз. Тырнағыңыз сынып, теріңіз құрғаса, қалқанша безін тексерту керек. Ояна сала шаршап тұруымыз да, қалқанша безіндегі ақаудың белгісі.

Ағзамызға жанашыр болуды бала жастан үйренген жөн. Мамандар балабақшадағы тамақтану тәртібі соның бастауы дейді. Қосшыдағы мына тәрбие ошағында бүлдіршіндердің ас мәзіріне жеміс-жидек пен көкөніс қосу міндеттелген. 

Динара Субатилова, балабақша медбикесі:

- Бес мезгіл таматақтану, құнарлы тамақтану , оның ішінде біздің таңғы асымыздың өзі екі түрде, біреуі витаминный таңғы астар болады. Оған жанағы көкөністеріміз бар, жеміс жидектеріміздің шырындысы , итмұрын, қарақат шырындысын беріп алдын алып жатамыз осы балалардың, осы авитаминоздың алдын алу мақсатында. Және де  қосымша осы бес мезгіл тамақтанумен қатар біз балаларға арнайы витамин, аскорбин қышқылдарын, поливитаминдер таратамыз. 

Дәрігерлердің айтуынша, көктемде адам ағзасына аса қажетті А, В, С, D және Е дәрумендері жетіспей жатады. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Себебі ол ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне кедергісін келтіреді. Тіпті түрлі аурудың өршуіне алып келуі мүмкін.

Мерей Мұратханқызы, Ақбота Бияхмет, Ырыстанбек Оспанов