Елімізде балалар онкологиясы дендеп барады

Қазақстанда балалар онкологиясы дендеп барады.

Қазір ел бойынша "жаман ауруға" 4 мыңнан астам ұл мен қыз шалдыққан. Әсіресе қатерлі ісіктің туабітті жағдайлары көбейіп кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, бұған ата-аналардың жауапсыздығы да себеп. Қалайша?

Қазақстанда жыл сайын 600 баладан қатерлі ісік белгілері анықталады. Кішкентайлардың көбі көзін ішпай жатып лейкоз, бас миы мен сүйек обырына шалдығады. 

Диляра Қайдарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онколог дәрігері:

- Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері жатыр ішінен басталады. Оны жүктілік кезінде анықтау өте қиын. Негізгі себеп аналардың жиі сырқаттануы. Бірақ балалардың арасында айтарлықтай өсім жоқ. 

Бірақ бұл сөзбен тәуелсіз дәрігерлер келіспейді. Олардың айтуынша, Қазақстанда балалар арасындағы қатерлі ісік жыл сайын кем дегенде 10 процентке артып отыр. "Оған бірнеше жағдай әсер етеді", - дейді мамандар. 

Ержан Шаяхметов, хирург-онколог дәрігер:

- Генетикалық. Бір. Екінші наследственность дейді. Екі. Үшіншісі экологияны айтпай кетсе болмайды. Содан кейін ана мамалары қандай өмір сүреді. Аяғы жүкті болғасын кейін темекі тарта ма, арақ іше ма.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, онкологиялық аурулар Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарына дендеп тұр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, елімізде қатерлі ісік бойынша көрсетілетін мединциналық көмектің деңгейі әр түрлі. Кей қалаларда қарапайым қондырғылардың өзі жоқ. 

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қолданыстағы сәулелі терапиялық аппаратың паркі 50 пайызға ескірген. Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында осындай  апараттар тіпті жоқ. Өңірлерде диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету төмен. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстарының және Астана қаласының онкологиялық орталықтарында КТ, МРТ сияқты апараттар жоқ. 

Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам көз жұмады. Дәрігерлердің айтуынша, жаман аурудың алдын алудың бірден бір жолы уақытында тексерілу. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Осыған байланысты еңбек кодексіне өзгерту енгізілді. Енді онкологиялық ауруларға скрининг өтіп тексерілемін десеңіз - жұмыс беруші сізді 3 күнге босатуға міндетті. Айлық толық сақаталады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Виктор Полянный