Қазақстан мен Өзбекстан арасында әуе рейстерінің саны артады

Қазақстан мен Өзбекстан арасында тұрақты әуе рейстерінің саны артады.

Наурыздың соңына қарай «Ақтау-Үргеніш» бағыты іске қосылып, Нөкіске дейінгі  жолаушы тасымалы аптасына екі мәрте орындалады. Еліміздің азаматтық авиация комитеті Ташкентте жауапты министрлікпен келіссөз жүргізді.

Тұрақты әуе рейстерін арттыру жөніндегі келіссөз бірнеше сағатқа созылды. Еліміз ашық аспан жүйесіне сай көршімізбен апта сайынғы әуе рейстері санын  еселеуді ұсынып отыр. Қазір бұған сұраныс бар. Туристік маусым да таяды. Астана, Алматы, Ташкент сынды ірі қалалар арасында 21, ал шағын шаһарларға аптасына 7 рейс орындау көзделген.

Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Біз ашық аспан жүйесін әлдеқашан енгіздік. Бұл бізге жолаушы тасымалын арттыруға септігін тигізді. Көп елмен ынтымақтастық орнады. Алдағы уақытта екі қазақстандық және екі өзбекстандық компания әуе тасымалына кіріссе дейміз. Оларға бірқатар бағыттар бойынша қатынау мүмкіндігін беруді ұсынамыз. 

Жоба өзбек тарапының да қызығушылығын тудырып отыр. Алайда бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Әзірге Алматыдан Ташкентке аптасына 14, Астанадан 5 және Ақтаудан бір ғана рейс орындалып жатыр. Көбі пандемия кезінде тоқтаған.

Жасурбек Чориев, Өзбекстан көлік министрінің орынбасары:

- Өзбекстандық компаниялардың да Қазақстан өңірлеріне рейс ашу жөнінде ұсынысы бар. Әр бағытты жеке-жеке отырып талқылауға дайынбыз. Бізде тек Самарқандта ашық аспан жүйесі жұмыс істейді. Қалған өңірлерде шектеулер бар. Қазақстанда көптеген әуежай жаңарып жатыр. Мәселен, Шымкентті айтсақ болады. Біз бұл жайтты естіп-біліп, қуанып отырмыз.

Жалпы Өзбекстан бұған дейін Ресеймен арадағы тұрақты әуе рейстерін көбейтті. Ондағы компаниялар елдің бірқатар өңіріне жолаушы тасымалдау құқығына ие болды. Ал біздің елмен рейстер санында шектеу бар. Келіссөз алдағы уақытта нәтиже беруі тиіс. Екі қазақстандық компания арадағы әуе тасымалын арттыруға дайын. 

Николай Буряков, әуе компаниясының коммерциялық кешен директоры:

- Шектеулер алдағы уақытта алынып тасталады деп ойлаймыз. Біз үшін Самарқанд, Қаршы, Наманган бағыттары қызық. Былтыр біздің компания 3 млн аса жолаушы тасымалдады. 7 жаңа ұшақ сатып алдық. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

Осы айдың соңында «Ақтау-Үргеніш» бағыты ашылып, одан кейін Нөкіске қатынас жолға қойылады. Бұдан бөлек Өзбекстан әуежайларында қазақстандық ұшақтарға қызмет көрсету мәселесі шешімін табады. Бұл әзірге бастамасы ғана. Басқа да бағыттар бойынша талқылау жалғасып жатыр.

Рауан Мыңбаев