Шымкентте шекті бағада жанармай жеткізіледі

Шымкентте әлеуметтік бағытта қызмет көрсететін ірі автобус паркі ұдайы жанар-жағар май алып отыруға келісім жасасты.

Күнделікті 240 қоғамдық көлікті дизель отынымен қамтамасыз етуге 25 тонна қажет. Алайда бұған дейін қажеттілікті өтеу қиындап, автобустар қаңтарылып қалатын. Мәселені шешуге жергілікті билік өкілдері мен экономикалық тергеу департаменті, сондай-ақ Энергетика министрлігі де араласты. Соның нәтижесінде автобус паркі ай сайын 750 тонна сұйық отын алып отыруға қол жеткізді. Бағасы да 30 теңгеге арзан. Осы арқылы кәсіпорын 20 миллион теңгені үнемдеп, тұрақты қызмет етуге мүмкіндік алды. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты жанармай тапшылығын болдырмас үшін жоспарлы жөндеу жұмыстарын екі аптаға кеш бастамақ. 15 наурызға белгіленген жөндеу кезінде дизель отынының тапшылығы сезілмеуі тиіс. Ол үшін барлық қажетті шара қабылданған.

Мұхтар Қоқанбаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Өзіне міндеттеме алып отыр. Яғни 750 тонна жеткізіп отыру жөнінде. Ол Атырау мұнай өңдеу зауытынан алуы мүмкін. Павлодардан алуы мүмкін. Енді ол компаниялар өздерінің келісім шарттары бар басқа да мұнай өңдеу зауыттарымен. Нәтижесінде бізге толық кепілдеме беріп отыр. Сіздерді дизель отынымен қамтамасыз етеміз, мәселе көтерілмейді,-деп.