Шымкентте білім басқармасының өкілдері мектеп асханаларын негізсіз тексерген

Шымкентте білім басқармасының өкілдері мектеп асханаларына негізсіз тексеріс жүргізген.

Кәсіпкерлердің шағымын Антикор қызметкерлері растады. Балаларға ыстық тамақ әзірлеушілердің жұмысына баға беру тек мектеп жанындағы арнайы комиссияға жүктелген. Алайда басқарманың лауазымды тұлғалары мен әдіскерлері 100-ге жуық тексеріс жасап, 42 кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті рұқсат етілмеген тексеріске қатысты бұйрықтардың күшін жойды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында әкімдікпен бірлесіп мониторинг шараларына шектеу қойылды.

Жандос Жұмабаев, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Басқарманың өз тарапынан жергілікті орта мектептердің асханаларына тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу үшін алты бұйрық шығарған. Бұл бұйрықтың аясында олар 97 рет осы мектептерде тексеру бағытына шыққан. Бұл жұмыс бағытында тиісті шаралар жан-жақты қабылданып, жұмыс жалғасады.