Павлодарда облысында «Жаңа мамандықтар атласы» жоспарлануда

Павлодар облысының жоғары оқу орындары «Жаңа мамандықтар атласы» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуда.

Басты мақсат – өндірістік аймақтың еңбек нарығын білікті мамандармен қамту. Өндіріс ошақтарының сұранысын өтеу үшін жаңа мамандықтар бойынша инновациялық оқу бағдарламалары әзірленген. Техникалық кадрларды даярлауға басымдық берілген.

Жанақ Заятов «Машина жасау және реверс-инжиниринг» мамандығы бойынша оқиды. Қазіргі уақытта жаңа мамандықты игеруге 30-дан астам жас ниет білдірген. Себебі, жұмыс берушілер тарапынан сұраныс жоғары.

Жанақ Заятов, студент:

- Мен осы мамандыққа түскеніме еш өкінбеймін. Себебі, мен және менің топтастарым қарапайым инженерлік сызбаларды алты айдың ішінде игеріп, оны түсініп аламыз. Және екінші семестрде 3Д модельдеу мен 3Д сканерлеуді үйреніп жатырмыз. Мамандығым арқылы ертең кез келген зауыт орындарында білікті маман иесі болуға дайынмын.

Инновациялық оқу бағдарламасы жарты жыл бұрын енгізілген. Жаңа мамандық иелері кәсіпорындардың сұранысы бойынша даярланады. Мәселен, Екібастұз өңіріндегі  машина жасау зауыттары мен энергетика саласына заманауи технологияларды игерген кадрлар қажет.

Юрий Кабеляцкий, жұмыс беруші:

- Студенттерге Екібастұз өңірінің кәсіпорындарына қажетті жаңа мамандықтарды таныстырып жатырмыз. Өндіріс бір орында тұрмайды. Мәселен, теміржол саласына мамандар қажет. Әсіресе, шетелдік қондырғылармен жұмыс істейтін адамдар керек. Бір сөзбен айтқанда, технологиялық үрдістерді бағдарламалайтын мамандарды іздейміз.

Александр Поддубный, Ақсу электр станциясының өкілі:

- Бізге турбина және қазандық бөлімдеріне мамандар керек. Сұраныс жоғары. Олар үшін әлеуметтік қолдау шаралары бар. Спорт пен қоғамдық өмірдегі белсенді қызметкерлерге де қолдау бар.

Оқу бағдарламасын сала мамандары мен оқу орнының профессорлары дайындаған. Торайғыров университеті «Жаңа мамандықтар атласы» бойынша алғашқылардың бірі болып  ішкі нарықтағы бірнеше жаңа мамандықты енгізген.

Жанар Мусина, С. Торайғыров университетінің техника ғылымдарының профессоры:

- Жаңа инновациялық оқу бағдарламасыны басты ерекшелігі – студенттер екінші курстан кейін екі біліктілікті игере алады. Осылайша, негізгі бағыттан бөлек бағдарламалық бақылау операторы және бақылау маманы бола алады. Бұл қос микробіліктілік зауыттырға қажет.

Алдағы уақытта «Аэроэкология», «Энергоменеджмент», «Биология және кинезиология» өзге де бағыттар бойынша тағы 14 бағдарлама іске қосылады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков