Алматылық робот құрастырушы оқушылар АҚШ-қа барады

Робототехниканың қыр-сырын жетік меңгерген алматылық жастар АҚШ-та өтетін халықаралық турнирге жолдама алды.

Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика-математика бағыты бойынша оқитын оқушылар Хьюстонда өтетін әлем біріншілігінде де топ жарсақ деп отыр. Олар жақында Астанада өткен республикалық сайыста жеңімпаз атанған болатын. Қазір дүниежүзілік жарысқа дайындықтарын бастап кетті.

Алматылық «Қыран» командасы ауызбіршілік пен тапқырлықтың арқасында ұлттық біріншілікте алдына жан салмады. Өйткені роботты модельдеу, оны жасап, іске қосу жұмыстары бойынша әрбір оқушы міндеттерін жақсы біледі. Олардың бапкерлерімен бірлесіп жасаған роботы әртүрлі тапсырмаларды орындай алады және жылдам қозғалады. Тәлімгердің айтуынша алдыңғы жарыстардан оның шәкірттері үлкен сабақ алған көрінеді.

Бекзат Іңкәров, НЗМ технотория зертханасының жетекшісі:

- Біздің робот тым ауырлау екенін байқадық. Қазір салмағын біраз жеңілдеттік. Өйткені робот неғұрлым жеңілдеу болған сайын, жылдамдығы да арта түседі. Сондықтан біз 3 миллиметрлік металлмен құрастырып шықтық.

Ойын түрі өте қарапайым ғана. Негізгі жұмыстар алаңда өтеді. Роботтың мақсаты –конусты арнайы құрылғылармен мұнараға шығаруы тиіс. Бұл жерде қазылар сан мен сапаға қарайды. Ең жылдам робот жеңімпаз атанады.

Иманәлі Көксал, Робот құрастырушы:

- Мені командадағы екі жүргізушінің бірімін. Жеңіске жету үшін өзіме жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындауға тиіспін. Басқа роботтармен салыстырғанда біздің робот әмбебап деп айтсам болады. Өйткені ол аз ғана уақыттың ішінде мұнараның басына бірнеше конустарды шығара алады.

Расында Иманәлінің жұмысы өте жауапты. Өйткені ол роботтың әрбір қимылын жіті қадағалап отыруы тиіс. Бір ғана қателік барлық еңбекті еш кетіреді. Сондықтан оқушылар Хьюстондағы жарысқа дайындықты әлі пысықтау керек деп отыр.

Иманәлі Көксал, Робот құрастырушы:

- АҚШ-ғы жарысқа әлемнің кіл мықтылары келеді. Олармен йық тірестіру үшін бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Біздің мақсат қалайда жеңіске жету. Сондықтан қазіргі уақытта роботтың деңгейін көтеру мақсатында жұмыстар жасап жатырмыз. 

Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қыран» командасында 9 адам бар.  Роботты жетілдіру процесі аяқталғаннан кейін оқушылар практикалық жаттығуларға көшеді. Егер оқушылар ауызбіршіліктен ажырамаса АҚШ-тан олжалы қайтуы әбден мүмкін.

Жаңалықтар: Жандос Айтбайұлы, Сұлтан Бейсекенов