Қарағандылық дәрігер қуыршақ жасаумен айналысады

Қарағандылық дәрігер Елена Авилова қолы бос кезде қуыршақ жасаумен айналысады. Шағын ғана пәтерін шеберханаға айналдырған. Шикізатты сонау шетелден алдырады екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Еленаның ең жақсы көретін әрі сәтті шыққан туындысы. Әйгілі күйшінің образын айнытпай жасаған. Суретші Абрам Черкассоның «Жамбыл мен Дина Нұрпейісова» деп аталатын картинасын көрген соң бірден қызығушылығы оянып, өнерпаздың өмірбаянын зерттей бастаған. Қаншама оқулықты ақтарып, мұрағат қорындағы күйлерін тыңдайды.

Елена Авилова, дәрігер:

- Сол дәуірді жүрекпен сезіну керек. Әйтпесе, туынды сәтті шықпайды. Тіпті киімін тіккен кезде де матасына, үлгісіне мән беремін. Түпнұсқадан ауытқымауға тырысамын. Мен үшін ең қиыны киімін тігу болды. Өзім тігінші болмағандықтан, дәл осы жұмыс көп уақытымды алды. 

Шебер негізінен тарихи тұлғалардың бейнесін жасайды. Әр қуыршақтың өз төлқұжаты бар. Шикізатқа саз-балшық, пластик, гипс қосылған қағаз қолданады екен. Кейбір қуыршақты дайындауға тіпті жылдап уақыт кетеді, - дейді. Қазір оның қолында ондаған қуыршақ қалған. Біразын достарына сыйға тартыпты. Ең қызығы Елена еңбегін ешқашан саудаламайды.

Балжан Оспанқұлова, кітапханашы:

- Қазіргі таңда Елена Владимировна біздің Қарағандыдағы авторлық қуыршақ жасайтын жалғыз шебер. Қуыршақтары ерекше. Техникасы бәрі. Бұл қуыршақтарды жасау үшін пластелиндерінің өзін шет мемлекеттерден алғызады ол кісі. Кітапханамызда болған кездесуде айтқан, шаштарын Дағыстаннан алғызамын деп.  

Еленаның негізгі мамандығы – дәрігер. 30 жыл осы салада тынбай еңбек етіп келеді. Адамның анатомиясын жетік білгендіктен, кез келген қуыршаққа жан бітіріп, шебер жасайды. Ал медицина құралдарының кейбірін қуыршақ жасағанда қолданады екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.