Түркістан облысында әлеуметтік мәселесі толық шешілген ауыл бар

Түркістан облысының Төле би ауданында әлеуеті артып, әлеуметтік мәселесі толық шешілген ауыл бар.

Сарқырама елді мекенінде газ, су, жарық, жолдан бөлек халыққа қызмет көрсететін бірнеше әлеуметтік нысан жұмыс істейді.

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ал алтын бесіктің гүлденуі сол бесіктен шыққан азаматтардың іскерлігі мен туған жерге деген махаббатына байланысты. Сарқырама ауылында 187 үй, 1200-дей халық тұрады. Аядай ғана ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мығым, азаматтары іскер. Оны елді мекенге кіргеннен-ақ аңғаруға болады. Ауыл ақсақалдары туған жердің гүлденуіне осында туып-өскен Шерім Төлтебаев есімді азамат көп еңбек сіңіргенін айтады. Алайда өзі 2 жыл бұрын дүние салған.

Беймаханбет Әбетаев, Сарқырама ауылының биі:

- Сол жігіт мектеп салды бірінші өзіміздің елге. Біздің ауылда шешілмеген нәрсе жоқ, бәрі бар. Газымыз бар, суымыз бар, бұрын Ақсу өзенін ішетін едік, қазір жанымыз кіріп қалды. Свет көшеде жарқырап тұр, қаладан кем емес. Асфальт жүз пайыз. Жолаяғымыз бар, істелінген.

Ауыл жастары бос уақытын мәдениет үйінде өткізеді. Мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Үлкен кітапханасы тағы бар.

Әбутәліп Шіңкебаев, Сарқырама ауылының тұрғыны:

-Бұрын кішкентай ғана клуб еді, оны үлкейтіп 200 орындық болды. Мұнда балалар дайындалып, концерт өтеді. Одан бөлек мұнда кітапханамыз, 15 мың кітап қоры бар. Мұндай кітапхана біздің аудан көлемінде жоқ.

Ауылдағы 50 орындық заманауи балабақшада 10-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сәуле Жанысбекова, Сарқырама ауылының тұрғыны:

- Қызымыз, жалпы балалар осы балабақшаға келгелі бері көптеген жетістіктерге жетіп жатыр. Аудандық жарыстарға қатысып, марапатталып жатыр. Жалпы балабақшаның жұмысына дән ризамыз. Балабақшаның іші заманауи жабдықтармен қамтылған. 

Әсіресе дәрігерлік амбулаторияның жұмысына ауыл қарттары дән риза. Басы ауырып, балтыры сыздаса осында келеді. Бұрын аудан орталығына баруға мәжбүр болғандарын айтады.

Сүйінай Ынтымақов, Сарқырама ауылының тұрғыны:

- Бұрын аудан орталығына барып, емделуші едік, қазір енді осы жерде күндізгі стационар бар, дәрі салдырып тұрамыз. Бас дәрігері бар, фельщерлері бар, қызметкерлері жетеді. Таза, жылы, өте тамаша.

Қазір Шерім Қарарұлының ел үшін жасаған игі ісін ұлы Мұрат Төлтебаев жалғастырып жүр.

Мұрат Төлтебаев, кәсіпкер:

- Жолдың бойы біркелкі болсын деп, шарбақ, гүл егетін алаңшаларын қойдық. Ауыл тұрғындары қолдап, әрқайсысы гүлін егіп, ағашын егіп, көркейіп жатқан жағдаймыз бар. Әлеуметтік салада не керек, соның бәрі толық қамтылған. Үлкен саябақ аштық, ол демалыс орнымен қамтылған. Ішінде бассейні бар.

Кіндігі ауылға байланған азамат енді Сарқырамадан саңлақ спортшылар шықса дейді. Ол үшін ауылдан үлкен спорт кешенін салуды өз мойнына алып, құрылысын биыл бастауды жоспарлап отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш