Өскеменде жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылып жатыр

Өскемендегі автобус паркі маман іздеп сабылмайды. Кезінде біраз қиындық көргенмен, қазір оның оңтайлы жолын тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Автобус паркі қоныс колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтарға да жұмыс береді. Яғни, слесарь, дәнекерлеуші, механиктің жұмысын өздері үйретеді. Сөйтіп, қамауда жатқандардың уақытын босқа сарп еткізбей, техниканың тілін білетін шебер етіп шығарады.

Ардақ Смағұлов 32 жаста. Қоныс колониясында жүргеніне – 3 ай. Осында жұмыс істеп тапқан нәпақасын отбасына аударып, мемлекет алдындағы берешегін төлеп жүр. Бұрын техниканың маңайына жолап көрмепті.

Ардақ Смағұлов, жазасын өтеуші:

- Шынын айтсам, бұрын автокөлік жағын мүлдем білмейтінмін, бірақ осында келіп, ақырындап үйреніп, қазір біраз нәрсені біліп қалдым өзім үшін.

Бұл автопарк ұжымы мен облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ортақ әріптестігіне – 14 жыл. Соңғы он жыл ішінде парк 500  сотталған азаматты жұмыспен қамтыды. Кейбірі жазасын өтеп шыққаннан кейін де осында оралып, еңбек етіп жатыр. Тіпті арасында жоғары лауазымды қызметке дейін көтерілгендері бар.

Арай Көшербаева, ҚАЖК №24 мекемесінің бөлім бастығы:

- Ол кісілердің біліміне қарай, икеміне қарай жұмыс қарастырамыз, техникаға жақын адамдарды техникаға, осындай жерлерге орналастырамыз.

Қаладағы ең ірі бұл автопаркте 13 жазасын өтеуші жұмыс істеп жүр. Мекеме  өкілдері оларды таңертең алып кетіп, кешке қайта апарып тастайды. Күні бойы мына базаның іші сынған көліктен босамайды. Автобус паркіндегі шеберлер болса, жазасын өтеушілерге білгендерін үйретуден жалықпайды.

Архат Әлиқанов, автобус паркі пайдалану бөлімінің бастығы:

- Үйретеміз, мында өзіміздің 5 мықты маманымыз бар, солар үйретеді, бірақ іштерінен де жақсы жұмыс істейтін кісілер шығып жатыр. Бұлар жауапты, уақытында келеді, уақытында қайтады үлкен кісілерді проходкаға отырғызамыз, ауыр жұмыс істемесін деп.

Автопарктің кадр тапшылығын жоюдағы мұндай әдісі өзгелерді де қызықтырған екен. Қазір трамвай паркі де жазасын өтеушілерді жұмысқа шақыра бастаған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.