Өскеменде жарымжан балаларға көмек көрсетілуде

Өскеменде церебральды сал ауруына шалдыққан 10 бала енді оңалту шарасын бір жыл бойы тегін қабылдайды.

Бұл - Облыстағы іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған қайырымдылық іс-шарасының нәтижесі. Театрландырылған кеште фото және сурет көрмесі де өтті. Бұден түскен қаражат балаларға көмекке жұмсалады.

Асаль Әлсейітова 4 жаста.Кішкене болса да, бойындағы дертімен асқан төзімділікпен күресіп келеді. Қазір түстерді ажырата алады. Санауды үйреніп жүр. Әріптерді де айтып қалды. Бұның барлығы  тек үздіксіз жүргізілген оңалту шарасының арқасында.

Насима Омарова, қала тұрғыны:

- Емінің өзі 15 мың тұрады, пенсиясы өзіне жетпейді, мен жұмыс істемеймін, таксиі бар, тамағы бар, соған жетпейді, сол үшін тегін реабилитация өте қажетті.

Дәл осы Асаль секілді балаларға көмек беру мақсатында  іскер әйелдер қауымдастығы жыл сайын қайырымдылық кешін өткізіп келеді.

Эльвира Аллахвердиева, іскер әйелдер қауымдастығының өкілі:

- Біз қоғам назарын аударғымыз келеді.Осындай бала қарап отырған ата-аналар жалғыз сырап қалмаса екен дейміз.Кәсіпкерлер, билік өкілдері бәріміз бірігіп қолдау көрсетсек, бүлдіршіндерге үлкен үміт сыйлар едік.

Кеш барысында Астанадан келген театр ұжымы Чеховтың «Вишневый сад» пьесасының желісімен қойылған «БАҚ» спетакльін ұсынды. Ал билеттен түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.

Айгүл Иманбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Биылғы жылы келуіміздің орны бөлек, ерекше мен үшін. Ерекше дейтінім, Астана қаласынан арнайы менің театр ұжымым кеп отыр. Титтей де болсын сол ауырып жатқан кішкене бүлдіршіндерге үлесімді қосқым келеді. 

Сатылым-көрмеге фотограф Наталья Бугрованың фотосуреттері мен балалармен тағдырлас қылқалам шебері Сергей Елисеевтың картинкалары қойылды. Туынды авторлары да осы жерден түскен табысты толықтай жарымжан балалар болашағына арнайды. Жалпы Өскеменде сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндер аз емес. Қалада бұндай диагноз анықталған 900 бала тіркеуде тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов