Қызылордада мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді

Көктемнің шұғылалы мерекесі қарсаңында Қызылорда облысындағы мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді.

Тағдыр тәлкегіне мойымай музыкалық дарыны, хореографиялық көркем биі және спорттағы жетістігімен ерекшеленіп жүрген аналар қауымы марапат төрінен көрінді. Облыстық әйелдер кеңесі ұйымдастырған шарада кембағал жандардың мәселелері мен бизнес идеялары тыңдалды. 3-топ мүгедегі Әсия Жарасқызы қолөнер шеберлерінің жұмысын үйлестірумен айналысады. Түрлі көрмелерде бұйымдарын сатып, түскен пайданы арбаға таңылған жандардың еміне жұмсайды екен. Өмірлерін сүйікті іспен мағыналы етіп, оңалту бағдарламаларын өздері төлеп жүрген арулар мерекелік шарада жаңа жобаларды таныстырды. 

Әсия Жарасқызы, қалалық мүгедектер қоғамының үйлестірушісі:

- Менің бір үлкен арманым бар. Бақыт клиникасын ашу. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында, өнерпаздар өте көп. Ән айтатын, билейтін, жүзу спортының жұлдыздары бар. Спорт шеберлері мен қолөнершілер де бар. Сол бақыт клиникасының ішінде осы мәселелердің бәрі қамтылған. Бұл - инновация деп ойлаймын.

Райкүл Байназарова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында, мүмкіншілігі шектеулі қыздарымызды ең бірінші болып құттықтауды жөн көріп отырмыз. Себебі, қыздарымыздың қиын жағдайда өмір сүріп, денсаулығының ақауы болсада осы өмірден қалмай белсенділігін көрсетіп, сүйікті ісімен айналысып, қатардан қалмай жатқанына біз әрине үлкен ризашылықпен қараймыз.